Ақмола облысының тұрғыны азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, 28 мамырда Бұланды аудандық полиция бөліміне ауылдық дәрігерлік амбулаторияның фельдшерінен жедел медициналық көмек көрсету бойынша шақыртуға шыққанда бет жағында гематомасы бар әйел адамның мәйіті табылғаны туралы телефон хабарламасы келіп түскен.
"Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы келді. Марқұмның жеке басы анықталды, ол 44 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады, ол қайтыс болған әйелмен азаматтық некеде тұратын 39 жастағы ер адам болып шықты", - деді жергілікті полиция.
Бұл дерек бойынша Бұланды АПБ ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша соталды тергеуді бастады. Күдікті қамауға алынды. Өзге ақпарат ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы бойынша жария етілмейді.