26 қыр, 2019 сағат 18:49

Ақмолада 2 мыңнан астам отбасы АӘК алуы үшін табысын жасырған

Ақмола облысында 2 мыңнан астам отбасы атуалы әлеуметтік көмек алуы үшін табысын жасырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көбейген. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 7,2 мың отбасы көмек алса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 8,3 мың отбасына жеткен. Яғни, қаржы тілімен айтқанда, төлемақы көлемі 400 миллионнан 8,3 миллиард теңгеге дейін артып отыр.

Дегенмен, кірісін жасырып атаулы әлеуметтік көмек алғандарда жоқ емес. Әсіресе, 2074 астам отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуы үшін табыстарын жасырғаны белгілі болып отыр.

«Күні бүгінге дейін кірісін жасырып, атаулы әлеуметтік көмек алған отбасы мүшелеріне түсінік жұмыстарын жүргізгеннен кейін бюджетке 4,9 миллион теңге ерікті түрде қайтарылған. Енді сот органдары арқылы 56 өтінім беруші 14 миллион теңге қаржыны қайтаратын болады. 1500 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылды», дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Влада Кокорина.

Ведомство келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қоянды ауылының тұрғыны бес бала асырап отырған Нұржан Төкенқызының да отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған екен. Бұл отбасына барлығы 1 403 388 теңге төленуі керек еді. Алайда, тексеріс барысында, бұл отбасының маусым айында өзге өңірден көшіп келгені анықталды. Енді олар маусым және шілде айларында төленген 233 898 теңгені қайтаруы тиіс. Қазіргі таңда бұл ақшаның 100 000 теңгесі ғана қайтарылған.