11 жел, 2019 сағат 16:05

Ақмола тұрғынының 3 млн теңгесін жымқырған Қырғызстан азаматы ұсталды

Ақмола тұрғынының қомақты ақшасын алаяқтық жолмен жымқырған Қырғызстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, тамыздың 18-де Макинск қаласының тұрғынынан полицияға арыз түскен. Зардап шегуші 3 млн теңге ақшасын алаяқтық жолмен қалтасына басқан Қырғызстан Республикасының азаматын жауапкершілікке тартуды сұраған.

«Тамыздың 30-да тәртіп сақшылары күдіктіге мемлекетаралық іздеу жариялады. Күдікті туралы мәліметтер көрші мемлекеттердегі әріптестерге жолданды. Іздеу шаралары оң нәтиже берді. Ресей Федерациясының Саратов облысы Озинский ауданының тәртіп сақшылары «Озинки» өткізу бекетінде шекара асып өтпек болған ер адамды ұстады. Қазіргі кезде оны елге қайтару мәселесі шешілуде», - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, соңғы кездері азаматтардың қылмыс жасап, кейін шекара асып қашу оқиғасы белең алуда.

Айта кетерлігі, биыл Ақмола облысының полицейлері 97 қылмыскердің жүрген жерін анықтап, ұстады. Оның 49-на мемлекетаралық іздеу жарияланған.