21 қаз, 2022 сағат 18:05

Ақмола полицейлері тас жолда атыс ашқан күдіктіні қолға түсірді - видео


Ақмола полицейлері тас жолда атыс ашқан күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

6 қыркүйекте Аршалы АПБ-не елорданың 19 жастағы тұрғынынан Жібек Жолы кентінің маңында белгісіз тұлғалар оған тиесілі Toyota Land Cruiser-200 автокөлігіне зақым келтіргені туралы өтініші келіп түскен.

Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы Астана – Қарағанды тас жолында белгісіз адамдар арасында жанжал туындағанын анықтаған.

Куәгерлердің айтуынша, қаскөйлердің бірі мылтықты алып, оқиғаға қатысушыларға бірнеше рет оқ атқан.

"Полиция оқиға орнынан атылған гильзалар мен газ баллонын тәркіледі. Сараптама тағайындалды.

Жүргізілген тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ақмола облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының, Аршалы АПБ Тергеу басқармасының және полиция бөлімінің қызметкерлері жоғарыда аталған қылмысты жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұған дейін ҚР ҚК 293-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған Астана қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты.

Тінту іс-шаралары барысында күдіктіден заттай дәлелдер, атап айтқанда Наган тапаншасы және 57 оқ тәркіленді. Аршалы полиция бөлімі осы фактіге сәйкес ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі “Бұзақылық” бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.