Ақмола өңірінің киелі жерлері тағы 3 жаңа нысанмен толықты. Олардың қатарында, жалпыұлттық маңызы бар «Тоғыз әулие» мен аймақтық маңызы бар «Аңғал батырдың жерленген жері», «Қабыл батыр мазары» бар.
Тарихи деректер бойынша, Аңғал батыр 1770 жылы дүниеге келген. Ол Кенесары ханның ең таңдаулы ізбасарларының бірі болған. 1867 жылы дүниеден өткен батыр баба Біржан Сал ауданындағы Аңғал батыр ауылының солтүстігінен 3 шақырымдай жерде жерленген. Ал, жаңа екінші киелі жер «Тоғыз әулие» зираты елордадан 150 шақырым жерде Астрахан ауданында орналасқан. Ол жерде отызға жуық қажылар жерленген дейді мамандар.
«Тоғыз әулие кесенесі бойынша Астарахан ауданының әкіміне хат жаздық. Маңайы қоршалмаған. Сондықтан, бірінші ретте қоршап мал баспайтындай етіп, жұмыстар жүргіземіз», - дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Берік Сапанов.
Қабыл Бостанов мазары жаңадан табылған 3-ші киелі жер. Қабыл батыр Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары Қасымұлының басшылығымен үш жүзді қамтыған патша үкіметіне қарсы ірі күрестің қатысушысы. Әскери кеңесшілердің бірі болған.
«Енді ол жерлерге жол мәселесі, туритерді тарту жұмыстары жүргізіледі. Біріншіден, халыққа түсіндіру ішн QR-кодтар ұйымдастыру, баннерлермен қамтамасыз ету. Сол жерлерге жол нұсқаулықтарын, белгілерін қою жұмыстарын атқарамыз. Оларды жол картасына енгізу үшін инфраструктурасын зерттеу керек», - дейді Берік Сапанов.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының өкілдері осы жаңа нысандар табылғанша өңірдегі киелі жерлердің саны 43 болатын. Енді олардың қатары, «Тоғыз әулие», «Аңғал батыр» және «Қабыл батыр» зираттарымен толығып, бүгінде Ақмола облысында 11 жылпыұлттық және 35 аймақтық киелі жер бар.