Ақмола облысының Қошқарбаев ауылы маңындағы зиратты су басып, марқұмдардың сүйегі жер бетіне шығып жатыр, деп хабарлайды Almaty. tv.
Тұрғындардың айтуынша, қанша дабыл қаққанмен әкімдік еш әрекет етпейді. Ал аймақтың ақ жағалылары мазарды қорғауға қазынадан қаражат таппай жатқандарын жеткізді.
Бұл зират елордадан 40 шақырым жерде орналасқан. Нұра өзені арнасынан асып тасығанда су басып, марқұмдардың сүйегін шайып кетіп жатыр. Жақындары жерленген зираттың жағдайына алаңдаған жұртшылықтың амалы таусылған. "Су жер бетіне шығарып тастаған сүйектерді қайта көміп отырамыз" дейді.
«Жылда қолға ілінгенін, көзге көрінгенін осы зираттың жанында, ауылдың азаматтары имаммен, әкімшілікпен бірге келіп, сүйектерді жинап дұғасын оқып, қайтадан зираттың бұрышына көміп жатыр. Жүрегімізді ауыртады», – деді Қошқарбаев ауылының тұрғыны Сейіт Ибраев.
Мәселе 5 жыл бұрын басталған. Өзен арнасының өзгеруіне елордадағы құрылыс компанияларының заңсыз әрекеттері себеп болыпты. Олар қаражат үнемдеу мақсатында тегін тас пен топырақ алып, соңы осындай проблемаға әкеп соққанын айтады. Ал өзен суын тұрғындар қажеттіліктеріне де қолданады екен.
«Сол суды біз огородқа қолданамыз. Балалар шомылады. Жаз бойы сол көпірдің жанында қаладан, басқа жерлерден демалуға келетін адамдар бар. Сол судың астында балыққа қарағанда адамның сүйегі көп. Ол талай дәлелденген», – деді Қошқарбаев ауылының тұрғыны Сейіт Ибраев.
Мәселе жөнінде облыс, аудан басшылары хабардар. Тұрғындардың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттары әзірлегендерін де жеткізген. Бюджеттен қаражат бөлінген бойда Нұра өзенінің арнасын өзгертуді жоспарлаған. Әкімдік өкілдері болса, тұрғындардың сөзін растап, осыдан 3 жыл бұрын жұмыс тобы құрылғанын, қаражат бөліну қарастырғанын айтады.
«2019-2020 жылдарға облыстан қаражат қарастырылмаған, сөздің ашығы. Біз ауданнан жібердік, бірақ облыстан тоқтап қалды. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжатты жасау үшін есептеу жұмысына бюджетке тапсырыс жасалды. Есептеу жұмысы біткеннен кейін жобалық-сметалық құжақа қаражат қарастыратын шығармыз», – деді Целиноград ауданы Тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мэлс Жұмабаев.
Аудандық әкімдік жыл сайын жобалық-сметалық құжаттар жасауға қаражат шығындап әлек болып жатқанда, 50 жылдан асқан қорымның бүгінде үштен бір бөлігі қалған. Ең сорақысы жұртшылық мұның соңы экологиялық мәселеге әкеліп, ауыл тұрғындары арасында ауру тарап кету қаупі бар деп алаңдайды.