19 сәу, 2022 сағат 19:33

Ақмола облысында жоғалған бір үйір жылқы көлге батып кеткен


Ақмола облысында төрт айдан астам уақыт бұрын жоғалған бір үйір жылқының көлге батып кеткені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жылқылар 2021 жылдың желтоқсанында жоғалған. Бұл туралы сол кезде Ерейментау аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданады. Ол 14 жылқысы еркін жайылымда жүрген жерінен жоғалып кеткенін хабарлайды. Шығын көлемі 7 жарым миллион теңгеге бағаланады. 

«Ерейментау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жануарлардың жоғалып кету қаупі бар аймақтағы жыралар, бос жерлер, орман алқаптары, сондай-ақ мал тасымалдаумен айналысатын автокөліктер, мал етін өткізудің ықтимал базарлары тексерілді. Сөйтіп, «Қызыл-сор» көлінен жылқылардың өлексесі табылды. Резиналы қайықты пайдалана отырып, жедел уәкілдер мен учаскелік инспекторлар оларды өз күштерімен шығарып алды», - деді ведомстводан.

Көл жартылай тұщы, жартылай тұзды және төмен температурада толық мұздануға ұшырамайды. Анықталғанындай, көл бетіндегі жұқа мұз қабаты опырылып, мал суға батып өлген. Қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.