Бұланды ауданындағы «Макинск жылу оқшаулау зауыты» ЖШС-нің сұйытылған көмірсутек газын сақтауға арналған резервуарлық паркі аумағында газ-ауа қоспасы жарылып, 48 жастағы ер адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылыс бүгін сағат 11:50-де болған.
«Жарылыс салдарынан 1974 жылы туған ер адам жарақат алды. Қазіргі кезде оның жағдайы орташа, денесінің 40 пайызы термиялық күйікпен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Жарылыстың болжамды себебі – сұйытылған көмірсутекті газ резервуарларына құю ережелерін бұзу. Қазіргі уақытта полиция органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», - деді департамент бастығы Нұрлан Атығаев.
Ведомстводан атап өткендей, оқиғаға орнына Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 8 адам және 2 техника тартылды. Сағат 12:09-да өрт ауыздықталып, сағат 12:25-те сөндірілді. Өрт аумағы – 10 шаршы метр.
Осы ретте Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.