Фото: Polisia.kz
Ақмола облысында пойыз бірнеше жылқыны қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 476 фактісі тіркелген, оның ішінде адамдардың болуы себебінен – 110, темір жол төсемінде үй жануарларының болуына байланысты – 281 және басқа да себептермен пойыз жүрісі шұғыл тоқтатылған. Теміржол бойында мал жайғаны үшін 130 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Мәселен, 11 мамырда Ақмола облысы Жамантұз – Бурабай станцияларының аралығында “Петропавл–Алматы” бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржолдағы жылқыларды байқап, соқтығысуды болдырмауға тырысып, шұғыл тежеуді қолданды. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады, салдарынан 7 жылқыны қағып кетті. Жоспарланбаған пойыз тұрағы 23 минутты құрады.
Көкшетау станциясында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жылқылардың иесін, Ақмола облысының 48 жастағы тұрғынын анықтады.
Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Дәл сол күні Ақмола облысының Сарыоба – Еркіншілік аралығында да осындай жағдай болды. “Астана – Павлодар” бағытындағы электр пойызының астына 5 бас жылқы түсті. Бұл жағдайда да мал иесі анықталып, теміржол жолағында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды" - делінген хабарламада.
Көлік полицейлері үй жануарларының иелеріне мұқият болуды және теміржол жолағында мал жаймауды ескертеді.