Сурет: ТЖМ
Ақмола облысында мектеп қазандығында жарылыс болып, салдарынан үш адам зардап шекті. Ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ТЖМ мәліметінше, оқиға 18 қарашада сағат 12:18-де Аршалы ауылы, Писарев көшесі, 18 үйде болған.
"Тәшенов атындағы орта мектеп аумағында, жеке қазандықта қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту қазандығы жарылып, ғимарат құрылымы бұзылған", - деді Руслан Иманқұлов.
Сурет: ТЖМ
Үш адам ауруханаға жатқызылды: 1983 жылы туған үй-жай басқарушысы, 1990 жылы туған электрик және 1967 жылы туған от жағушы.
"Зардап шеккендердің бәрі есін біледі, жағдай нақтыланып жатыр", - деп толықтырды Төтенше жағдайлар министрлігі өкілі.
Мектеп қашықтан оқытуға көшкен. Жергілікті атқарушы органдармен сол жерде жедел штаб құрылып, зардаптарды жою және жылумен қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр.