Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасы Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдері күні аясында өткізіліп отырған онкүндік ашылғанын жариялады.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалым Шойкин Өңірлік коммуникациялар қызметінің медиа-орталығында өткізілген брифингте онкүндік аясында қандай шаралар өткізілетіні туралы айтып берді.
«Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған дәстүрлі онкүндік 2019 жылғы қыркүйектің 5-і мен 20-сы күндері аралығында өтеді, онкүндік аясында облыста 300-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда. Бүгін өңірдегі барлық мекемелер мен ұйымдарда Тілдер күні онкүндігінің ашылуы өтті. Негізгі лейтмотиві – мемлекеттік тіл саясатын іске асыру саласындағы жетістіктерді көрсету» - деп атап өтті Ғалым Шойкин.
Ағымдағы жылы тілдер онкүндігін өткізу мақсатында облыстың барлық мекемелері мен ұйымдарында тілдер декадасының ашылуы, тақырыптық және мәдени-бұқаралық шаралар өткізу қарастырылған облыстық Іс-шаралар жоспары бекітілген.
Этнос аралық келісім мен бірлікті нығайтатын іс-шаралар, тіл білу конкурстары, поэзия кештері, Қазақстан Республикасы аумағында тұратын барлық этностардың мәдениеті, тарихы жөнінде мағлұмат беретін дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылады.
Өткізілетін іс-шаралардың көпшілігінің көрермендері - өскелең ұрпақ. «Қазақ тілім – мәңгі жасар байлығым» форумы, «Текті сөздің төресі – терме» конкурсы, «Тілдарын» олимпиадасы жастардың қатысуымен өтеді.
Биылғы жылы өткізілетін онкүндіктің жаңалығы – белгілі қазақ жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің – Біржан салдың 185 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Есенберлиннің 125 жылдығы, Сәкен Жүнісовтың 85 жылдығы, сонымен қатар Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы - мерейтойларының аталып өтуі.
Бұған қоса, өткізілетін онкүндікте латын графикасына көшу жөніндегі іс-шараларға ерекше көңіл бөлінетін болады.