14 қыр, 2019 сағат 10:06

Ақмола облысында «Қазақ тілім – мәңгі жасар байлығым» атты жастар форумы өтті

Көкшетауда «Қазақ тілім – мәңгі жасар байлығым» атты жастар форумы өз мәресіне  жетті.

Облыстық Ішкі саясат басқармасы хабарлағандай, Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Қазақ тілім - мәңгі жасар байлығым» атты жастар форумында тіл үйренудің және оны жетілдірудің, болашақ ұрпақтың санасына енгізудің, сондай-ақ қазақ тілінің болашағы үшін жауапкершілікті қалыптастырудың өзекті мәселелері талқыланды.

Форумға Көкшетау қаласының жоғары оқу орындарының, колледждерінің студенттері және өңірдің белсенді жастары қатысып, мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісті.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев бүгінгі таңда мемлекеттік тілді дамыту мәселесі қоғамдық және саяси басымдықтардың біріне айналғанын атап өтті.

«Тіл – мемлкеттіліктің, өскелең ұрпақтың лайықты дамуының және бүкіл ұлттың жарқын болашағының кепілі», - деп атап өтті Сабырхан Кенжебаев.

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәнсия Есекеева елімізде үш тілділік контексінде мемлекеттік тілді дамыту ойын бөлісті.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Қайрат Сейтқазиннің, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Ботагөз Әбсадық және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Милана Пираеваның сөз сөйлеуінің негізгі мазмұны - бүгінгі уақытта елімізде мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық жағдай жасалғандығы жайында болды. Ал, М.Ғабдуллин атындағы мұражай қызметкері Үсен Табысбек өлең оқып берді.

Жастардың басты міндеті – тілді отбасынан бастап насихаттау. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.