Ақмола облысында ер адам прокуратура мен АІІД жұмысшыларын жарақаттап, кейін өзіне-өзі оқ атқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақмола облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"20 шілдеде сағат 14.35-те белгісіз біреу "Фольксваген Пассат" көлігінде отырып, Целиноград прокуратурасының әкімшілік ғимаратының маңында прокуратура жұмысшысы мен Целиноград аудандық ІІБ қызметкеріне оқ атқан. Қызметкер қызметтік бабымен сол маңда болған. 14.45-те жедел-іздестіру шараларының барысында көлік табылып, сонда күдіктінің мәйіті анықталған. Ол өз-өзіне жүрек тұсына оқ атқан", - деп хабарлады ІІД өкілдері.
Сондай-ақ, 61 жастағы күдіктінің қылмыстық іс бойынша сотталушы ретінде күдікке ілінгені анықталды. Ол антикоррупциялық қызмет тергеп жатқан ақша жымқыру дерегі бойынша күдікті болған. Қару тәркіленіп, сараптамаға жолданған. Тергеу жүріп жатыр.
"Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, оларға уақтылы медициналық жәрдем көрсетілді", - деді ведомство өкілдері.