Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ақмола облысының прокуратурасы білім беру мекемелері бухгалтерлерінің жалпы сомасы 83 млн теңге бюджет қаражатын жүйелі иемдену фактілерін анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Бұланды балабақшасының бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударған. Аударымдардың шынайылығын көрсету үшін бухгалтер тауарларды жеткізуге келісім-шарттар жасалған кәсіпорындардың атауларын көрсеткен.
Банктік шоттар оның жақын туыстарына рәсімделіп, бухгалтер жұмыс істеген кезеңде барлығы 47 миллион теңге аударылған.
Екінші жағдай Степногорск қаласының мектептерінің бірінде анықталды. Тергеу нұсқасы бойынша бухгалтер өз шотына 36 миллион теңгені жалақы ретінде аударған.
"Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер ҚК-нің 189-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде ұрлау) бойынша тіркеліп, Ақмола облыстық прокуратурасының арнайы прокурорларымен және Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен тергеліп жатыр.
Осы бап бойынша жаза белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді" - делінген хабарламада.