26 қар, 2019 сағат 17:15

Ақмола облысында «Егемен Қазақстан» газетінің ғасырлық мерейтойына арналған жиын өтті

Көкшетауда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай оқырмандар конференциясы өтті.

Конференцияға қатысушылар үшін мемлекеттіліктің қалыптасуына қосқан үлесін сипаттайтын газет нөмірлерінен, кітаптардан көрме ұйымдастырылды.

Республиканың басты мерзімдік басылымын құттықтауға қоғам қайраткерлері, журналистика ардагерлері, ғылыми және шығармашылық қоғам өкілдері мен оқу орындарының студенттері келді.

Өзінің құттықтау сөзінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова басылымның маңыздылығын және оның қазақ баспасөзін дамытудағы рөлін атап өтті.

«Егемен Қазақстан» газеті еліміздің басты баспа басылымы болып табылады. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуының жылнамасын жүргізіп келеді. Жылдар бойы газет талантты журналистердің үлкен шоғыры өткен кәсіпқойлық мектебі болып қала береді. Бір ғасыр бойы ел газетінің беттерінде елдің тарихы, елдіктің тарихы қалыптасты, соған киелі Көкше өңірі азаматтарының да қатысы бар екені – біз үшін мақтаныш. Бұған «Егемен Қазақстан» газетінің ардагерлері - Қорғанбек Аманжол, Бақберген Амалбек ағаларымыздың, беделді тілші Байқал Байәділдің еңбек жолы дәлел бола алады» - деді Айна Мысырәлімова.

Іс-шара барысында басылымның меншікті тілшілері Ақмола облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Конференция қатысушылардың сөз сөйлеуімен жалғасты.  Баяндамашылар Қазақстан оқырмандары үшін басылымның маңыздылығы туралы айтып өтті.

Тарихи дәуірдің қиын-қыстау сәтінде дүниеге келген баспа басылымы әрқашан республиканың қоғамдық, іскерлік және мәдени өмірінен тыс қалмады. Газет беттерінде нағыз репортаж және публицистика шеберлері, белгілі әдебиетшілер мен мемлекет қайраткерлерінің материалдары жарияланды.

Айта кетейік, газеттің 100 жылдық мерейтойы республика бойынша атап өтілуде.