30 нау, 2022 сағат 16:25

Ақмола облысында боранда жолда қалған 80 адам эвакуацияланды


Ақмола облысында бір түн ішінде боранда жолда қалған 80 адам эвакуацияланып, жылыту орындарына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауа райының нашарлауына байланысты 29-30 наурыз аралығында өңірде республикалық маңызы бар 21 және облыстық маңызы бар 35 автожолда көлік қозғалысы тоқтатылды. Алайда, жолдың жабылуы туралы хабарламаны елемей жолға шыққан 80 адамды құтқарушылар жылыту орындарына звакуациялады. Олардың арасында балаларда бар. Құтқару жұмыстары Бұланды, Шортанды, Жақсы, Есіл, Аршалы, Астрахан, Целиноград, Қорғалжын және Атбасар аудандарында жүргізілді«, - деді Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінен. 

Сонымен қатар, екпінді жел мен бораннан Қосшы қаласында 5 қабатты екі тұрғын үйдің және Аршалы кентінде екі әкімшілік ғимараттың шатырына залал келді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. 

Осы ретте, Ақмола облысының ТЖД қызметкерлері өңір тұрғындарына ауа райының жайсыздығын ескертіп, елді мекендерден тыс жерлерге шықпауды сұрайды. Жолдардың жабылуы туралы ақпаратты «Дәрмен» қосымшасы арқылы немесе 1403 байланыс нөмірі бойынша білуге болады.