Ақмола облысында тарихи-мәдени жәдігерлерді цифрландыру мақсатында 43 киелі нысанға QR-код орнатылған. Аталған жұмыстар «Ескерткіштер сыр шертеді» жобасы аясында жүзеге асып отыр.
QR-кодтың басты артықшылығы – мобильді қосымша көмегімен шифрланған ақпаратты оқи алуында болып отыр. Оны кез келген адам қарапайым смартфонның көмегімен онлайн-режимде көре алады.
Атап айтқанда, Ерейментау ауданындағы Бөгенбай батыр ескерткіші, Атбасар қаласындағы белгілі жазушы Ілияс Есенберлин ескерткіші, Көкшетау қаласында Абылайхан ескерткіші, Зеренді ауданындағы Уәли хан мазары секілді бірнеше нысанға QR-код қойылған. Осылайша, туристер, қонақтар және қала тұрғындары цифрлық технологиялар арқылы көне ескерткіштердің тарихы туралы танымдық ақпараттар ала алады. Бұған қоса, QR-код арқылы өнер саласына үлкен туынды әкелген тұлғалардың (Ақан сері, Біржан сал) тарихы мен екінші дүниежүзілік соғыс батырлары (Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин және т.б.) туралы тың ақпараттар оқуға болады.
Бүгінгі таңда Көкшетау-Нұр-Сұлтан автожолы бойында жаңадан орнатылған Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Кенесары хан ескерткіштеріне QR-кодтар қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, XIX-XX ғасырдағы сәулет-өнер ескерткіші саналатын «Көкшетау қаласының тарихы музей ғимаратына» және «Юность» кинотеатр ғимаратына QR-код орнатылды.
Айта кетсек, аталған жоба «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларымен біте қайнасып жатыр. Бұған дейін елімізде тарихи нысандарды жаппай цифрландыру жұмыстары қолға алынған болатын.
Бүгінде Ақмола облысында 4 республикалық ескерткіш, 1032 жергілікті ескерткіш және 757 нысан тіркелген. «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының І томына Ақмола облысынан 200-ден астам тарихи-мәдени нысан еніп отыр.