Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы алаяқтық жасағаны үшін сотталды, – деп хабарлайды Сыбайлас жемқорыққа қарсы қызмет.
Ведомство мәліметінше, Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ егін шауаршылығы және астық нарығын реттеу бөлімінің басшысы Е.Бектұровтың үстінен сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін тергеу жүргізген. Ол «Агрофирма Жер 888» ЖШС өкілінен 2017-2021 жылдарға арналған ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидия беру мәселесін оң шешкені үшін 1 млн теңгені алдау жолымен иемдену күдігіне ілінген болатын.
«Осы жылдың 20 қаңтарында Көкшетау қалалық сотының үкімімен Е.Бектұров алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды және мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан айырылды», - деп атап өтеді сыбайлас жемқорыққа қарсы қызметтен.