14 ақп, 2022 сағат 20:42

Ақмаржан Қалмұрзаева: Өз мүмкіндігімді толығымен пайдалана алмадым


Ақмаржан Қалмұрзаева фристайл-акробатикадан Олимпиада ойындарының бірінші финалында бақ сынады. Ол үздік 12 спортшының ішінен 11-ші орын алды. Жарыс соңында Ақмаржан Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, өз көрсеткішіне тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Төрешілік туралы ештеңе айта алмаймын. Бірінші мүмкіндігімде қате жібердім. Мұндай сәттерді төрешілер қаперде ұстайды. Екінші рет секіргенде шаңғым жарыс жолынан шығып кетті. Егер спортшы трамплинге жете алмай қалса, ең соңында немесе төреші анықтаған рет бойынша қайтадан секіреді.

Өкінішке қарай, мұндай сәтті толығымен пайдалана алмадым. Сондықтан, 11-ші орында қалдым. Іріктеуде өзімнің қолымнан келетін ең қиын элементті орындадым. Психологиялық тұрғыдан қиын болды. Іріктеу де өте қиын өтті. Баршаңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет айтамын», - деді Қалмұрзаева.