Фото ашық дереккөзден алынды
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар депаратменті бастығының міндетін орындаушы Ерлан Әлібеков "Ақкент" шағын ауданында болған өрт кезінде құрылыс кранын пайдалануға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минуттың ішінде барған. Бірақ ол кезде автоцистерналар, яғни, су таситын машиналар ғана болды. 20 минуттан кейін басқа құрылымдардың күштері де келіп жетті. Тұрғындардың көбі жоғары қабатта тұрып, көмек сұрады.
"Құтқарушылар автобаспалдақтар жеткенше қол баспалдақтарын және шабуылдаушы баспалдақтарын барынша пайдаланды. Өрт сөндіруші көліктердегі автобаспалдақтардың көмегімен 25 адам құтқарылды. Құтқару операциясына құрылыс крандары да тартылды. Оны өзіңіз де көрген шығарсыз. Жанында құрылыс алаңы бар. Ол жерде екі құрылыс краны жұмыс істеген. Арнайы бесігі де болды. Крандардың көмегімен 20 адам құтқарылды", - деді Әлібеков бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, өрт сөндіру техникасы үйдің оңтүстік жағынан кіре алмады. Дәл сол жақтан адамдар балконнан секірген. Содан жолдың жиектастарын қолмен бұзуға тура келді. Оған да уақыт кетті.
"Иә, кеше біз автобаспалдақты жақындата алмадық. Себебі оңтүстік жақтан кіру мүмкін болмады. Негізі, 10 қабаттан жоғары үйлерге жан-жақтан кіруге жолдар болуы керек. Ал кіреберіс пен жолдың арасы кем дегенде 8 метр болуы керек. Кеше жолдың жиегінен 15-16 метр болды. Ондайда баспалдақтар жетпей қалады", - деп атап көрсетті Әлібеков.