ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өңірлерде шекті баға белгілеу құралын қолданбаған әкімдіктерді сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шекті бағаларды белгілеу және олардың негізінде шекті бағаларды қолдану әдістемесі заңнамада бекітілген. Өңірлерде бөлшек сауда бағаларының шектен асуы бойынша 66 факт тіркелді. Қызылорда облысы мен Алматы қаласының әкімдіктерін қоспағанда, өңірлер шекті бағаларды белгілеу құралын пайдаланған жоқ», - деді Бақыт Сұлтанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Өткен жылы бағаны тұрақтандыру шараларын қабылдамағаны үшін жеті облыс әкімінің орынбасарларына сөгіс жарияланған.
«Алайда одан нәтиже болмады. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысында шекті мәндердің асып түсуінің 5 фактісі тіркелді, биыл да аталған көрсеткіш өзгермеген. Павлодар және Түркістан облыстарында шекті бағаның асып түсу оқиғаларының көбейгеніне қарамастан, әкімдіктер шекті баға енгізуді елемей отыр», - дейді Сауда министрі.