03 сәу, 2019 сағат 16:18

Әкімдік қызметкерлері Шалқар Ақымғалиевтің отбасына бір күндік жалақысын аударады

Атырау облыстық әкімдігінің қызметкерлері қайтыс болған полицей Шалқар Ақымғалиевтің отбасына бір күндік еңбекақысын  аударады. 

Бүгін Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы марқұмның әріптесі полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетовпен кездесті. Ол 21 наурыз күні кешкісін көпірден секірген әйелді құтқарып қалған болатын. Өкінішке қарай, сол түні қасында болған әріптесі Шалқар Ақымғалиевтің ғұмыры үзілді. Рүстембек жолдасының денесін өзеннен өзі алып шыққысы келіп, көп іздегенімен таба алмады. 3 градустан аспайтын температурадағы суық судан 30 жастағы кіші лейтенант  Сүндетов жағалауға аман шықты. Рүстембек үйленген, екі баланың әкесі.

«Бүгінде қоғамда полицияға қатысты қалыптасып қалған теріс стереотип бар. Құқық қорғау органдары қызметкерлері туралы сынды жиі естиміз. Сіздер, өмірден өткен Шалқар Ақымғалиев екеуіңіз қазақстандық полиция туралы сондай түсініктерді теріске шығардыңыздар. Өскелең ұрпаққа үлгі болдыңыздар, ата-ананың тәрбиелі ұлы екендіктеріңізді көрсеттіңіздер, сіздерді барша ел мақтан етеді», - деді Алимұхаммед Құттұмұратұлы.

Атырау қаласының әкімі Рүстембек Сүндетовке құрмет грамотасын табыстап, батыл әрекеті үшін алғыс білдірді.

Еске салсақ, 22 наурызда Атырау облысының тұрғындары ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиевті бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым еткен болатын. Батырды соңғы сапарына шығарып салу рәсіміне жүздеген азамат жиналды. Сондай-ақ, аймақ басшылығы мен облыстық полиция департаменті полицейдің жерлеу рәсіміне байланысты шығындарды көтерді.