Семейдегі Интернационал көшесінің атауы тарих қойнауына кетті. Енді қаланың басты көшесі көрнекті абайтанушы – ғалым Қайым Мұхамедхановтың атымен аталады. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ресми түрде расталған көшенің салтанатты ашылуы болып, жиналған жұртшылық жақсылыққа жүрегі жарыла қуанды. Өйткені бұл тірісінде әкімшіл-әміршіл кеңестік дәуірдің ащы азабын арқалаған ғалымға берілген тарихи әділ бағаның нақты мойындалуы болатын. Және Интернационал атауын аластап, қаланың басты көшесіне Қайым Мұхамедхановтың есімін беру бірнеше жыл бойы жүргізілген күреспен келгенін ешкім де жоққа шығара алмайды.
Сөйтіп, басты көшенің атауы өзгеріп, кешегі кеңестік құлдық санадан құтылғанымыздың бір дәлелін көргендей болдық. Алайда оның әлі де бітпеген жұмысы көп екеніне көшені аралай бастағаннан-ақ көзіңіз жетеді. Көшенің атауын көрсетіп тұратын жаңа тақташалар әлі жасалып бітпеген. Әрине, ұзыннан-ұзақ созылған көшеде орналасқан ғимараттар мен көпқабатты үйлердің қабырғасындағы «Интернационал көшесі» деген атауды жұлып тастап, жаңа атауды ілу бір күнде біте қоятын шаруа емес. Тек қана «Семей таңы» газетінің мекенжайындағы «Қайым Мұхамедханов көшесі, 12» дегеннен өзге ғимараттардың бәрі де «таз қалпындағы» атауымен тұр.
Ең қызығы, қалалық әкімдік ғимаратының өзі «Қайым Мұхамедханов көшесі, 8» үйде орналасқандығы көрсетіліп тұруы тиіс еді. Бірақ орналастырылу тәртібіне сәйкес болса керек, ғимараттың сол жақ қанатында тек қана «8» деген цифр ғана көзге шалынады. Көшенің атауы емес, тек нөмірі ғана көрсетілетін болса, жаңа атауды қою қажет емес екені түсінікті делік... Алайда жақсы жаңалықтың нышаны бар ма екен деп ғаламтордан «Семей қаласы әкімінің сайтын» ашсаңыз, көзіңіз атыздай болары анық. Яғни сайтқа кіріп, әкімдік мекенжайына қарасаңыз, «Интернационал көшесі, 8» деген атаудың еш өзгеріссіз тұрғанын көргенде, «жергілікті атқарушы биліктің Қайымның атына көше беріп, оны алаулатып-жалаулатып ашқаны жалған болғаны ма?» деп ойламасқа амалың қалмайды. Көшенің жаңа атауына сәйкес мекенжайды басқа мекемелерді жылы жауып қоялық, әкімдік бірінші көрсетуі тиіс емес пе еді? Әлде сайттағы мекенжайды өзгерту жаңа атаудағы тақташаны ілуден де қиын ба?!
Жай уақытта қала әкімі Е.Сәлімовтің өткізген жиынын, барған жерін, қағазға қарап қазақша сөйлеген сөзін көгендеген қозыдай тізіп сайтқа салуға даяр тұратын қала әкімінің «қырағы» баспасөз қызметі мен ішкі саясат бөліміндегі бас маманы мен жас маманының бұл жаңалықты жария етуге асыға қоймағанына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Қала тұрғындарын ғана емес, исі қазақты қуантқан тарихи өзгерістен мамандығы тарих пәнінің мұғалімі, ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаевтың бейхабар қалғаны ма деп ойлауға да, айтуға да дәтің бармайды. Әлде бір кездері әлем халықтарының гимні саналатын «Интернационал» жырын қазақшаға аударған Қайым Мұхамедханов болған соң, «оң-терісі бір мағына» деп ойлай ма екен?.. Олай болса, Қазақ ССР-нің гимнін де 1958 жылы тұңғыш рет Қайым жазғанын, бірақ сондағы алғашқы жолдың «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын нұсқаны кеңестік цензура «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп өзгерттіргенін де әкімдік атқамінерлерінің есіне салып қойған артық болмас.
Облыс әкімі Д.Ахметов пен облыстық мәслихат хатшысы М.Головатюктің қолы қойылып, мөрі басылып ресми түрде расталған құжаты бар Қайым Мұхамедханов көшесінің атауын осылайша қалалық әкімдіктің өзі үлгі етіп көрсете алмай жатыр. Ал көшеге жаңа атаудағы тақташаларды толықтай жасап бітіруді мойнына алған фирманың өз жұмысын аяқтауына әлі бірер ай уақыт бар. Бұл жұмыс аяқталған соң көше бойында орналасқан мекемелердің қызметкерлері ғимараттарының қабырғасына, тұрғындар үйлерінің қабырғасына «Қайым Мұхамедханов көшесі» деген жазуы бар тақташаны өздері іліп шығатын болады. Ал қалалық әкімдіктің «Қайым Мұхамедханов көшесі, 8» деген сайттағы мекенжайын ауыстыруды қашанжүзеге асыратыны әзірге белгісіз.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы
"Жас Алаш" газеті