Фото: 2gis.kz
Астана әкімдігі "Dublin" және "Washington" тұрғын үй кешендерін бұзуға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Дублин" тұрғын үй кешенінің құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Ш.Айтматов пен Ж.Молдағалиев көшелерінің қиылысындағы жер алдын ала анықталып, жылу трассасының құрылысына бөлінген.
Осыған байланысты бұл учаскедегі құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Орнатылған қадалар демонтаждалып, рұқсат етілген жерге ауыстырылады. Құрылыс компаниясымен шарт жасаған азаматтардың мүдделері сақталып, әркім өз пәтерлерін алатын болады.
"Вашингтон" тұрғын үйі бойынша - құрылыс компаниясына жіберілген ақауларды жойып, барлық қажетті рұқсат құжаттарын ресімдеу тапсырылды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Әділет министрлігі Астанада заңсыз салынып жатқан "Dublin" ТҮК сүрілетіні туралы хабарлаған болатын. Кейінірек елордада салынып жатқан "Washington" тұрғын үй кешені де бұзылатыны белгілі болды.