13 жел, 2021 сағат 12:45

Әкім Тарази «Қазақстанның еңбек ері» атағын алды


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ең жоғары атағы – «Қазақстанның еңбек ері» марапатын табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін бір топ қайраткеріміз менің Жарлығыммен мемлекеттік марапаттарға ие болды. Биыл еліміздің ең жоғары атағы көрнекті жазушы, драматург Әкім Таразиға берілді. Ол руханиятымызды дамытуға және қоғамды келісімді нығайтуға өлшеусіз қосып, «Қазақстанның еңбек ері» атанды. Көрнекті қаламгердің шығармашылық жолы – жас ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы Көпбейінді медицина орталығының директоры Мұхтар Төлетаев «Қазақстанның еңбек ері» атағына ие болды. Ол басқаратын аурухана ұжымы пандемия басталғанна бері коронавирус жұқтырған 15 мың адамды емдеп шығарған. Қатерлі ісікке шалдыққан жандарға осы мекемеде былтыр 3 мың ота жасалды, 8 мың адам ауруынан айықты. Осы орайда дәрігерлеріміздің еңьегі қандай құрметке де лайық», - деді Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде. 

Сондай-ақ «Қазақстанның еңбек ері» атағы Шығыс Қазақстан облысының «Қазмырыш» ЖШС бас директоры А.Хмелевке берілді. Ол ширек ғасырдан бері өндірісте жұмыс істеп, қатардағы электромеханиктен басшы лауазымына дейін көтерілген және өндірістің жаңғыруы мен еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлкен үлес қосқан. 

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.