29 мау, 2019 сағат 17:12

Әкім орынбасары: «Теңізде кісі өлімі болған жоқ»

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов Теңіз вахталық елді мекенінде жұмысшылармен кездесуден кейін түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі кездесуде мәселенің мән-жайын анықтап сөйлестік. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының өкімімен қазіргі таңда комиссия құрылды. Бұл комиссияны мен басқаратын боламын», - деді С. Шапкенов.

Осы орайда ол комиссияның қорытындысы бойынша тағы да кездесу өткізілетінін атап өтті.

«Қазіргі таңда Теңіз кенішінде жағдай тұрақты. Жұмысшылар өздерінің қызметтеріне кірісті. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде тараған кісі өлімі фактісі болды деген - жалған ақпарат. 30-ға тарта адам жеңіл жарақат алды», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін сағат 11:00 шамасында «Теңіз» вахталық қалашығында (Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 120 км, Атырау қаласынан 340 км) «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CСЕР)» компаниясының жұмысшылары жұмыс учаскесіне жиналып, Ливия азаматы Eli Daoud-тің жақында WhatsАpp желісінің профиліне орналастырған фотосуретіне наразылық білдірді.

Оқиға орнына барлық құзырлы органдардың басшылары мен аудан прокуроры барды.

Кейін Теңіз вахталық қалашығында жағдай тұрақтанғаны мәлім болды. Жұмысшылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары кездесті. «Оның қорытындысы бойынша, жұмысшылар өздерінің қызметтеріне кірісті, жағдай тұрақтанды. ТШО медициналық пунктінде 30 адамға көмек көрсетілді. Қазіргі кезде олардың денсаулық жағдайына қатысты ешқандай қауіп жоқ. Қаза болғандар тіркелмеді», - деді облыс әкімдігінен.

Атырау облысының Полиция департаменті оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.