Фото: Sputnik / Валерий Мельников
Жуырда Президент Қазақстанда 46 өңірлік театр жұмыс істейтінін, олардың көбінің жағдайы сын көтермейтінін атап өтіп, қазір халықтың театр өнеріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын айтты. Аймақтағы театрлардың жағдайы мәз емес. Президент кәсіпкерлерді аймақтағы театрларды қолдауға шақырды. Ult.kz тілшісі аймақтағы театрлардың жағдайын анықтап көрді.
Президент өз сөзінде: «Қазақстанда 46 аймақтық театр бар, алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек», деді.
Қазір Семейде театр ғимаратында үш ұжым (Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Достоевский атындағы орыс драма театры, «Дариға-ай» жастар театры) орналасқан. Бұл ғимараттың өзі сәулет ескерткіші.
Семейлік ақын Мерей Қарт бұл қаланың халықтың мәдени-рухани ордасы екенін атап өтті.
Фото: abai.kz
«Семей – халықтың мәдени-рухани ордасы. Қазақ театрының қара шаңырағы атанған Алаш руханиятының астанасы Семейге бірнеше театр ошағын салу қажет. Бұл жоспарды алдағы бес жылдыққа кіргізсе нұр үстіне нұр болары анық. Қазір театрға халықтың сұранысы жоғары, көрермен қарасы қалың. Бұл – театрдағы қойылымдар сапасының тартымдылығы, әйтпесе халық көңілінен шығу мүмкін емес. Бұл салаға қызығушы жастар легі көп-ақ. Алайда өз күнін өзі көруге жетпейтін жалақымен жүре алмайтынын сезетін жастар амалсыздан басқа салаға кетіп жатыр. Алаштың астанасы болған қарт Семейге мәдени ошақтардың көптеп салынуы аса қажет дер едім. Кезінде дана Абай мекен еткен, алаштықтар бас қосқан қаланың гүлденіп көркеюін халық болып қолдары анық», – дейді семейлік ақын, Абай кітапханасының директоры Мерей Қарт.
Ал үшінші мегаполис болған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында екі театр: Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театры және Түркістан музыкалық драма театры жұмыс істейді. Жаңа орталық болғандықтан ба, бұл шаһардағы театрлардың жағдайы жаман емес. Бұл туралы Түркістан қаласындағы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің журналистика кафедрасының аға оқытушысы Әтіргүл Тәшім айтып берді.
Фото: Әтіргүл Тәшімнің facebook парақшасынан
«Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының репертуарында ересектерге арналған – 66, балаларға арналған – 22 қойылым бар. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының ашылғанына келесі жылы – 25 жыл. Театр айтулы белесінде, яғни 26-маусымды драматург Думан Рамазанның Қожа Ахмет Ясауи тұлғасына арналған драмасымен ашып, оны қазақ және түрік тілдерінде сахналауды жоспарлап отыр. Ал Түркістан музыкалық драма театры "қаланың жаңа театры" деп аталып кеткен. Бүгінде театр қоржынында жиынтығы 11 қойылым бар. Біздегі екі театрдың да жай-күйі жаман емес, жаңасы. Қазақстанда кездесе бермейтін техникалық мүмкіндігі бар ғимарат. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрын былтыр күрделі жөндеуден өткізіп берді. Жаңа театрымыз жақында «Түркістан» деген кәсіби ансамблінің тұсаукесер концертін берді. Жетекшісі А.Балажанова, әртістері де аспаптары да өте кәсіби екен», – дейді А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың журналистика кафедрасының аға оқытушысы Әтіргүл Тәшім.
Қазақстандағы аймақтық театрлардың ахуалы соңғы жылдары біршама өзгеріс пен даму кезеңінен өтіп жатыр. Аймақтық театрлардың көпшілігі өздерінің бюджеттік қаржысын толықтай облыс немесе қала бюджетінен алатындықтан, қаржылық мәселелер өте өзекті. Театр көбіне қосымша демеушілік көмекке, мемлекеттік грантқа немесе жекеменшік қолдауға тәуелді.
Ақбота Мұсабекқызы