Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар іске асады. ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған конференцияда осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы мерейтой шараларының «ас та төк» тоймен емес, елге пайдасы тиетін нақты жұмыстармен ерекшеленуі қажеттігін үнемі айтып жүреді. Бұл ұстаным Ахаңның мерейтойына да қатысты. Ұлт ұстазының туған жері — Қостанай облысында инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуға тиіс. Ол жөнінде бізде облыс әкімшілігімен сондай келісім бар», - деді ол конференция барысында.
Ерлан Қариннің пайымдауынша, Ахмет Байтұрсынұлы – барлық дәуірдегі қазақ баласына ортақ тұлға.
«Оның еңбегі мен шығармашылығы, күреске толы өмір жолы баршамызға үлгі-өнеге. Ахаң – ұлт рухнаниятының темірқазығы. Біз сол темірқазықты қазақтың өркениет көгіндегі басты бағдар етіп ұстанамыз. Сондықтан Ахаң қазақпен бірге мәңгі жасай береді», - деп түйіндеді Мемлекеттік хатшы.