04 қыр, 2020 сағат 15:55

Ахмет Байтұрсынұлының мұраларына арналған жиын өтті

Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Тағзым мен тағылым» онлайн отырысын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында:«Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды»,– деп атап көрсеткен болатын. 

Шарада құттықтау сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов екі жылдан кейін туғанына 150 жыл толғалы отырған ұлы тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы шаралар жоспарына тоқталып, онлайн отырысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады.

Шара модераторы Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Күнесханұлы Қабаның айтуынша, Орфографикалық жұмыс тобы он отырысын өткізген екен, бұл өз кезегінде үлкен талқылауларға ұласып отырған. Ономастикалық комиссияның үш отырысында еліміз бойынша бес жүз атау өзгертілген, яғни, саясаттың салқыны тиген көптеген көне атаулар қалпына келтіріліп, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тұлғалардың есімі берілген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының екі отырысы өтіп, әр қайсысында бес жүзден астам термин мақұлданған. Бұл дегеніңіз мыңнан астам жаңа термин қолданысқа еніп, тіліміз соншалықты сөзбен байыды деген сөз.

Осындай қажырлы қайраткерлігі мен еселі еңбектері үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық, ономастикалық комиссиясы мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық, Техникалық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының мүшелері, облыстық тілдерді оқыту орталықтарының басшылары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің алғысхатына, Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасына ие болды. 

«Үш жыл болды, Тілдер мерекесі қазақ ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне тұрақтады. Бұл өте маңызды. Тарих аренасына шыққан кез келген халық өз Тәуелсіздігі үшін күреседі. Қазақ тарихы да осындай азаттық арпалысына тұнып тұр. Ресей империясы мен қазақ халқының күші тең емес еді. Жаратқан иеміз сол алмағайып кезеңде халқымыздың көз жасына ұлы Абайды өмірге әкелді. Одан кейін халқына қалқан, жауына семсер болар Алаш азаматтарының шоғыры қазақ көгіне шықты. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлын ерекше атаймыз», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов.

Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, Торғайдағы мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекейлер Ахмет Байтұрсынұлы туралы ойларын ортаға салып, құттықтау жолдады.

Шараны вице-министр Н.Дәуешев қорытындылады.