«Әліппе». Сонау балалық шақтың тәтті естелігі. Алғаш рет қолға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстаз бен «Әліппе» оқулығына деген сағыныш әрбір жанның жүрегіне сәуле шашып тұратыны анық. «Әліппе» деген аты қандай! Бүгінгі кез келген саналы азамат сол «Әліппемен» өсті, есейді. Ал қазір оның атауын «Сауат ашу» деп өзгерткеннен не ұтамыз? Ілкіден келе жатқан «Әліппе» кімнің тақиясына тар келді?
Жалпы «Әліппе» сөзінің қайдан шыққанын көпшілік біле бермейді. Әу баста араб алфавитінің бірінші әрпі «алиб» пен содан кейінгі әрпі «би»-ден құралған. Екеуінің қосындысынан әліппе сөзі пайда болады. Бұл сөз тілімізге араб жазуы арқылы ертерек енді. Кейінірек 1929 жылы латын, ал 1940 жылдан баспа, кирилл алфавитіне көшті.
Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының атасы – Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылы «Әліппе» жазумен бірге қазақ графикасын да жасауға кіріскен. Ол мұның негізіне қазақтың мәдени дүниетанымында бар көп ғасырлық дәстүрлі, өзге түркі халықтарына ортақ, туыстық сипаты бар араб таңбаларын алады. Кейін ғалым сол таңбаларды қазақ фонетикасына икемдеген. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын қазақ жазуын қалыптастырады. Бұл «Байтұрсынов жазуы» деген атқа ие болған. Ахмет Байтұрсыновқа «қазақтың ұлттық графикасының атасы» деген мәртебе берудің түп-төркіні бекер емес. Уақыт өте келе ол осы жазуды үйрететін әліппені жазып шығады. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылып шыққан екен. Ал 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрі жазылды. Ал алғашқы «Әліппе» 1912 жылы Орынборда басылып шығады. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» өлеңін оқулықтың беташары ретінде пайдаланады.
Ал биыл неге екені белгісіз, мектеп табалдырығын аттаған 380 мыңнан астам бүлдіршін білім теңізіне жасайтын саяхатты «Әліппемен» емес «Сауат ашумен» бастады. Осылайша, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай сақталып жеткен «Әліппемен» біржола қоштасуға тура келді.
Жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке сауал жолдап, бірінші сыныптағы «Әліппе» оқулығын неге алып тастағанын сұрады. «1913 жылы Алаш ардагері Аxмет Байтұрсынов басып шығарған, ғасырдан астам миллиондаған жасөркенге оқу-жазуды үйреткен, қазаққа азық болып келген, тілі жеңіл, 105 жылдық тәжірибеден өткен әліппе неден жазықты болды? Ерлан Кенжеғалиұлы, осыған жауап беріңізші», – деді Бекболат Тілеуxан. Сондай-ақ, депутат «Әліппенің» орнын «Сауат ашу» басты. Сауат ашу деген орысша «ликвидация безграмотности» деп аударылады. Бұл буыны қатпаған жас балаға емес, ересек адамға арналған. Словян xалықтарының «Букварі» 1618 жылы жарық көрген. Төрт ғасырға жуық тариxы бар. Заманға сай өзгертіліп, толықтырылып отырады, оның өзінде кемі бес жыл тәжірибеден өткізбей кіргізбейді. Ал біз ше? Бірінші сыныптың баласына орыс, ағылшын тілін қосып оқытып миын ашытамыз. Үштілділік қажет. Бірақ оны бірінші сыныптан бастау дұрыс емес», – деп көптеген ата-ананың көкейіндегі мәселені дөп басты.
Бекболат Тілеуханның министрге депутаттық сауал жолдауы сол-ақ екен, бұған Білім және ғылым министрлігі де ізін суытпай тіл қатқан болды. Министрлік өз әрекетін ақтап алуға тырысқаны көрініп тұр. Арнайы баспасөз брифингін өткізген Білім және ғылым министрлігінің Білімнің мазмұны және әдістемесі басқармасының басшысы Талғат Жәкенов «Әліппенің» аты өзгерсе де, заты өзгермейді» деп айды аспанға шығарды. «2019 жылы үштілді білім беру жүйесі бірден енгізілмейді. Оған дейін барлық оқу-әдістемелік база әзірленіп, мектеп мұғалімдері тіл курстарынан өтуі тиіс. Сөйтіп, жаңа жүйе біртіндеп енгізіледі. Ал, бүгінгі білімнің жаңартылған мазмұнына сәйкес «Әліппемен» бірге «Дінтану» пәнінің атауы да өзгертілді. Ал 2019 жылы тек 10-11 сыныптарда ғана, оның өзінде жаратылыстану-математика кластарында төрт пәннің екеуін таңдай алады. Биология, xимия, физика және информатика», – деді. Оның айтуынша, мектеп оқушылары таңдаған пәндерін ағылшын тілінде оқитын болады. Сондай-ақ ол «Әліппенің» атын ауыстыру мен дінтану сабағын енгізу бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. «Әліппенің» атауы «Сауат ашу» болса да, ішінде бұрынғы – «Әліппе». Бала бүкіл әріптерді үйренеді. Сосын «Ана тіліне» ауысады. Сондықтан бұл жерде ешқандай қисындық жоқ. Ал «Дінтану» пәні туралы айтар болсақ, ол 2009 жылдан бастап міндетті пән ретінде оқытылып келді. Биылғы жылдан бастап бұл пәннің атауы «Зайырлық және дінтану негіздері» болып өзгертілді. Оны тек 9-шы сыныптарда ғана оқытады. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, осы 9-сынып нағыз өтпелі жас дейді ғой, сол себепті дәл уақыттан бастап енгізгенді жөн көрдік. Одан бұрын оқыту жоспарымызда жоқ», – деді Т.Жәкенов.
Алайда министрлік өкілі «Әліппенің» атын қандай негізге сүйеніп ауыстырғандарын бүгіп қалды. Егер мазмұны бір болса, атын ауыстыруға қандай қажеттілік туындады? «Әліппе» арқылы білімнің тереңіне бойлауға асыққан әрбір балақайдың тілінде жатталып қалған мына бір шумақ еріксіз ойға оралып тұр.
«Бар кітапқа бас болған
Әліппе – ғылым анасы,
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы…» дегенді тақылдап айтып беретін баланың таңдауына не қалдырдық?
Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:
– «Әліппе» жүз жылдың ішінде, яғни бүгінгі заманның тілімен айтсақ, бренд ретінде қалыптасты. Кезінде «Сауат ашу» деп аталса, ол кезде жаппай сауатсыздық болғаны рас. Яғни, сол заманда сауат ашу мен әріп тану қатар тұрды. Қазір заман өзгерді. Бүгінде мектепке баратын балалардың көбі әріп таниды. Сондықтан «Әліппе» бұрынғыдай әріп таныту ғана емес, балалардың ойын, тілін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге арналды. Балалар жаңа технологияны жақсы біледі. Меніңше, «Әліппені» кешегі мен бүгінгіні байланыстыратын танымал құрал ретінде қалдыруымыз керек еді. Сөйте тұра өзіміз «Қазір балалар мектепке дейінгі дайындық тобынан өтіп, сызып-жазып келу керек» дейміз де, екінші жағынан мектепке сауатсыз балаларды қабылдағандай, оларға «Сауат ашуды» оқытамыз. Бұл қалай? Сол «Әліппе» атауында қалдыру керек еді. Себебі «Әліппенің» мағынасы кең тарихи атау. Өткен ғасырдың басында пайда болған «Әліппе» қаншама тарихи кезеңнен өтіп, бүгінге жетті. «Әліппе» – тек оқу құралы ғана емес, қоғамның құндылығы және мемлекеттің деңгейін көтеретін құрал. Сондықтан да «Әліппе» атауынан айрылған дұрыс емес деп ойлаймын. Керісінше, «Сауат ашу» деген артқа қарай шегіну дегенді білдіретін сияқты. «Әліппе» атауы «Сауат ашу» ұғымынан әлдеқайда кең. Біз қазір кең мағынасын берудің орнына, тар мағынасына тіреп қойдық. Бұл құптарлық дүние емес. Қазір көп нәрсені орысшадан аудара саламыз. Мынау да соның жемісі. Мысалы, орыс сыныптарындағы оқушылар «Родная речь» деген оқулықпен білім алады. Ауыстырғысы келсе, осының атын өзгерту керек еді. Неге қазақ елінде «Родная речь» деуіміз керек?
Жарасбай Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылым депутаты, қоғам қайраткері:
– Бекболат Тілеуханның бұл мәселені көтеруі орынды. Шынында да, бүлдіршіндерге арналған оқулықты «Сауат ашу» деу еш қисынға келмейді. Сауат ашудың заманы келмеске кеткелі қашан. «Әліппе» деген аттың өзі әдемі ғой. Оқулықтың атында тұрған ештеңе жоқ, мәселе затында. Біз ең бастысы оқулықтардың сапасын жақсартуымыз керек. Бұл орайда сөз көп, ал іс шамалы. Уақыт болса, өтіп барады. Айтары көмескі оқулықтармен басы қатып жүрген балаларды аяймын. Министрдің осы жағын ойлағаны жөн болар еді.
Бағдат Мәжитов, «Балабек» журналының бас редакторы:
− Соңғы жылдары әр баспа өзінше «Әліппе» шығарып жүрді. Ұстаздар қауымы «Атамұраның» оқулығын дұрыс қабылдайды. Ал «Сауат ашу» оқулығы сол баспадан шығып отыр. Сапасы да жақсы, жеңіл, ұғынықты деген пікірлерді естідім. Бұған қуануға болады. Дегенмен министрліктің оқулықтың атауын былайша өзгерткені көңілге кірбің ұялатады. Өйткені «Әліппе» қазақы түсінікте қастерлі атауға айналып кетті. «Әліппеге» арналып талай ән-жыр, тақпақ жазылды. Осының бәрі бір сәтте керексіз болып қалғаны ма? Қынжыласың, әрине! «Әліппемен қоштасу» деген әдемі дәстүріміз бар еді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді ұмытуға болмас. Реформаның жөні осы екен деп, ұлттық құндылықтардан бас тартуға болмайды. Ал «Әліппе» деген атаудың өзі менің түсінігімде – ұлттық құндылық. Қалай дегенде, бұл асығыстау, шалағайлау шешім деп ойлаймын.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ,
"Түркістан" газеті