09 қар, 2022 сағат 12:24

Әкесін ұрып өлтірген ақтөбелікке сот үкімі шықты



Ақтөбеде жанжал кезінде әкесін ұрып өлтірген тұрғын 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласының №2 сотында А.Есенғазинге сот үкімі шықты.

44 жастағы ақтөбелікке Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, сотталушы биыл тамыз айында үйіне мас күйінде барады. Пәтерге кірген бойда әкесімен сөзге келіп қалады.

Ол кезде әкесі де ішімдік ішкен болып шықты. Балағат сөздерден соң сотталушы әкесін басынан, денесінен жұдырығымен ұрған.

Жанына апасы келіп, тоқтатуын сұрағымен, оған құлақ аспаған. Сол сәтте әкесі құлап, көп қан жоғалтқан.

Ер адам оқиға орнында көз жұмады. Ал полиция қызметкерлерін апасы шақырған.

Сотталушы А.Есенғазин сотта өз кінәсін толық мойындады. Сот А.Есенғазинді кінәлі деп танып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.