22 қаз, 2024 сағат 11:25

«Әке-шешеме суықпын»: Баланы ата-әженің бауырына басу дұрыс па?


Фото: novoetv.kz алынды

Жалпы қазақ қоғамында ілгеріден келе жатқан отбасылық үрдіс бар. Ол – баланы бауырына басу. Дұрысы, үлкен қариялар өзінің үлкен не шаңырақ иесі кенже ұлының тұңғышын меншіктеп алуы. Ата мен әже қамқорлығындағы мұндай немерелер әлі де көп. Тіпті өз ата-анасының жанында өссе де, кейбір отбасы «бұл атасының баласы» деп шаң жуытпайтынын да көріп келеміз.

Бірақ мұның қазақ отбасына керағар жағы барын да айту керек. Қарттардың қолында өскен баланың туған әке-шешесін жатырқап, тіпті онша араласа қоймайтын жағдайлар да көптеп кездесіп отыр. Бұл туралы қызылордалық кейіпкеріміз Күнқияш Қуанышбаева айтады.

«Үлкенім ата-әжесінің қолында өсті. Оған себеп те жоқ емес. Дүниеге келген соң 9 айлығында өзім соқырішек болып ауруханаға түстім. Баланы ата-енеме қалдырған едім. Бас-аяғы он шақты күнде емделген соң қайта қолыма алғым келген. Бірақ үлкендер оныма көнбей, солардың тәрбиесінде қалды. Кейін атам, артынша енем қайтқан соң тұңғышымыз қолымызға оралған. Ол уақытта оның артынан ерген тағы бір қыз, бір ұл бар. Расы сол, жасынан қариялар қолында болған соң ба, бізді әлі де жатырқайды. Еркелік, қырсықтық, тік мінезді болып тұрады. Тіпті әкесі екеумізді атымызбен атайтыны бар. «Аға», «жеңеше» деп те айтқыза алмадық» -дейді кейіпкеріміз.


Оның сөзінше, қарттардың қолына берген бала тым ерке болғанымен, жақсы жағы да бар. Ол – қазақы болмысты барынша бойға сіңіруі. Үлкенді сыйлау, жат нәрседен аулақ болу, ауыл тәрбиесіне деген беріктік, салт-сананы меңгеру сияқты халықтық дәстүрге қанығып өседі. Өмір сүруге деген тәжірибесі де сол үлкендерден дариды. Ал кемшілігі кейіпкеріміздің жоғарыда айтқанындай болып тұр.

Психолог Сымбат Әбдірахманова отбасылық дәстүрдің осы бір түрін екі жақты қарастыруға болатынын алға тартады.

«Жақсы жағы – үлкен кісілердің мықты тәрбиесін алып, бар мейіріміне шомылып өседі. Үлкен өмірде де сол көрген тәрбиесін ұмытпай, барынша қоғамға пайдасын тигізуге асығады. Алайда психологиялық жағынан өте қиын. Оның себебі – бір кездері бауырына басқан атасы мен әжесі марқұм болған шақта ол да өзін керексіз сезіне бастайды. Отбасына артық адам сезініп, тұйықталады. Жалтақ болып өседі. Бұрыннан қариялардың еркелетуін, қолпаштауын көріп өскен балаға бұл өте қиын. Сондықтан әр адам отбасыда өз қызметін атқарған дұрыс сияқты. Яғни ата - атаның, әке - әкенің рөлінде қалу қажет. Ал мұндай отбасылық функциялар бұзылса, түрлі қиындықтар басталатыны да белгілі», -дейді ол.


Бізбен тілдескен Әйгерім есімді келіншек – көп балалы ана. Бірақ өзі кезінде әже қолында тәрбиеленіпті.

«Әжемнің етегіне оралып жүріп, бар ауыл тіршілігін меңгердім десем де болады. Бірақ ол кісі қайтпас сапарға аттанғанда өзімді мүлде керексіз болғандай сезіндім. Тіпті туған әке-шешем барын аузыма тосып, оқытып-шоқытқанмен бәрібір оларға суықпен. Кейін тұрмыс құрдым, жолдасымыз екеуміз бірнеше бала сүйдік. Бірақ басымнан өткен жайсыздықтан соң балаларымды өз қолымда тәрбиеледім. Бұл – өзінің не нағашы ата-әжесінен алыс ұстадым деген сөз емес. Жазғы демалыста ұл-қыздарымды екі жаққа да апарып, қос әулеттің үлкендерінің тәрбиесін бойларына сіңіруге тырысамын. Бірақ әр бала өз туған әке-шешесінің жанында болғаны дұрыс деп есептеймін», -дейді ол.


Пікірлерді бағамдасақ, мұндай дәстүрдің күнгейі де, көлеңкесі де барын аңғарамыз. Қайткенде де қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауыл-аймақта бұл үрдістің әлі жоғалмағандығы белгілі. Дегенмен қазіргі отбасы тәрбиесінде ата мен әже рөлінің маңызын да ұмытпаған абзал. Әрине, тек бала болашағына қылдай қиянат болмағаны керек.


Дайындаған: Ержан ҚОЖАС