Өткен аптада Түркиядағы Түрксой халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің «Fantasmagoria» атты жыр жинағы түрік тілінде жарық көрді. Кітап авторлық құқықтарды қорғайтын ILESAM ұйымының қаржыландыруымен шыққан.
Шайырдың тұнық мұң мен тылсым ойға құрылған жырларын түрік тіліне аударған – Балсан Мәді. Іс-шараға Түркия мен Әзірбайжанның ақындары, жыр сүйер қауым мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері қатысып, сөз сөйледі. Дәл осы шара аясында Түркия мен Әзірбайжанның «Отан жайлы өлеңдер» атты кітабы да (100 ақыннан 100 өлең) жарық көрген болатын.
ILESAM ұйымының басшысы Mehmet Nuri Parmaksıiz (Мехмет Нури Пармаксыз) Қазақстанды әрі қазақ мәдениетін ерекше қадір тұтатын азамат ретінде ақынға табыс тілеп, алдағы уақытта тұтас түркі әдебиетін өзара аудару жұмыстарына ықыласты екенін білдірді. Сондай игілікті шаралардың бірі – келер жылы шығуы жоспарланып отырған 100 қазақ ақынының шығармаларын түрік тіліне аударып, антология ретінде оқырманға ұсыну. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия Жазушыларының тұңғыш форумы кезінде Қазақстан Жазушылар одағы мен ILESAM-ның басшысы келісімге келген. Қазір антологияны дайындау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Кітап тұсаукесерінен соң Ақберен Елгезек Аланияда өткен «Мұражай – Поэзия–Мәдениет» конференциясына қатысып, қазақ әдебиетінің дамуы, сан ғасырлық тарихы туралы баяндама жасап қайтты.
Ақберен Елгезек – 2000 жылдардан кейін әдебиетке келген жаңа ғасыр буынының белді өкілінің бірі. Оның поэзиясы туралы еліміз әдебиетшілері мақалалар, зерттеулер жасаған.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде ақын, жазушы, Түркия жұртына кеңінен таныс Илтэр ЙЕШИЛАЙ ақын өлеңдерінің философиялық, танымдық ерекшеліктері жайында баяндама жасаған болатын. Газетімізге сол баяндаманы ұсынып отырмыз. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінің көкжиегі кеңіп, алыс-жақын шетел қаламгерлерімен байланысы артып келеді. Түркия мен Қазақстан арасындағы рухани байланыстың арта түскенін көріп отырмыз. Бұл – ұлт әдебиетінің қуанышы.
Фантасмагорияның қанатты өлеңдері
Өлең – ақынның тынысы мен тағдырының бұтақтарында бүр жарған сырларға толы бітпейтұғын сапар. Жаратылыстың ақиқаты – туу мен өлу арасында өткен аз ғана уақытта өмірдің заңдылықтарына бағынамын деп жанталасуы. Қайғы, қуаныш, үміт, қорқыныш және сабырмен басталған жолымыздың, әлбетте, соңында баратын жері – ақынның «Саяхат» өлеңіндегі «Шумақ-шумақ соқпақтар сілемденсе өлең боп» деген тармағында айтылатындай, белгілі бір даңғылға тірелері анық.
Ақберен Елгезектің «Фантасмагория» кітабындағы өлеңдерін оқығанымда құдды бір қиял әлеміне саяхатқа шыққандай болдым. Шумақтар арасында кезіп, басқа әлемге – шексіз ғарышқа қанатты пырақтармен ұшып, бірінен-бірі өткен жұмбақ сөздердің соңынан қуалай жөнелдім.
Себебі, кітаптағы өлеңдердің көбісі мені рухани тұрғыдан жандандырды. Ақын өлеңдерінің өзгешелігі – философия тұнған тармақтар құйрықты жұлдыздар сияқты ағып жатқанда, соларды айна-қатесіз өлеңге айналдыра білуі дер едік. Мұндай ерекшелік көп ақында кезіге бермейді.
Адамдар Алланың өздеріне нәсіп еткен өмірін сүреді. Өмірлеріне салтанат пен сән, мән мен мағына қосу, өнердің рухы мен ғұмыр тәжірибелерінің әсер етуі өнер адамдарын өзгелерден ерекшелеп тұрады.
Ақберен Елгезек – өлеңдері арқылы дәл осы дүниеге қол жеткізген жан. Өзінің «мен»-ін өлеңдерінде сондай керемет сәулелендіре отырып сипаттаған. Ақынның аспан әлемінде тербелген тұңғиық өлеңдерін оқи отырып, балалық шағына саяхат жасап, анасының сұлулығына тәнті боласыз, үйінің күңгірт естеліктерге толы бөлмелерін аралап, тұлпарлардың жарыса шапқанын көре аласыз, махаббат тұңғиығына сүңгіп, тіптен, періштелердің жүрегіңізді сипағанына дейін сезіне аласыз.
Бейуақ – Ақберен Елгезектің мұңға ғашық болған сәттері десек те болады. Әр күннің батуы оны сырға толы әлеміне бастап, күннің нұрлы және саналы секундтары көз алдында ғайып болғанда, күздің мұңды мелодиясы басталады. Бұл мезгілдегі тылсымды сезінбегендердің көз жанары су қараңғы секілді… Гүлдер патшалығы салтанат құрған нұрлы көктем, ақуыз бүршіктердің үсік шалып, бақшаларда солуы – ақын қаламында өлмес жырға айналады. Тірі сурет – сөз суреті.
Ақын «Ақшам» өлеңінде осы сезімдерді былайша сипаттайды:
Нұр санасы – өзге әлем,
құпияның ордасы.
Ол тылсымды сезбеген
көзім –
соқыр жолдасым.
Адамдар маңдайына жазылған тағдырдың оларды қайда апаратынын ешқашан біле алмайды және өмір кейде таңдау жасауға мәжбүрлейді. Бұл заңдылықтарды өзгерту үшін алдымен өздерін өзгертулері керек деп ойлайды. Жақсылыққа және әдемілікке жетуді, сүйіспеншілік пен бақыт құшағында өмір сүруді мақсат тұтқанымен, уақыт өте келе осынша ұзақ сапар негізінде оларды өзгертіп жібергендігін жүрек лүпілімен түйсінеді, бірақ өмір өз ағысымен жалғасуын тоқтатпақ емес. Ақберен Елгезек осы ойды мына бір өлең жолдарында былайша жазады:
Мен өмірді өзгертем деп талпындым.
Өмір мені өзгертті.
Сен де бірге меніменен, алтын Күн,
Ғарыш жақтан сез дертті…
Ақберен Елгезектің шабыт періштелері оның сезім әлеміне қанат серпіп, қайталанбас ой беретіні даусыз. Сеніміміз бен дініміз арқылы оң және сол жағымызда періштелеріміздің бар екендігін білеміз. Бұл керемет жаратылыс иелері – бізге жәннаттан жіберілген, бізді қорғайтын, бізді дұрыс жолға тартатын нұрлы жаратылыс. Біз дұрыс жолдан таймасақ, Алланың құзырында әділ сынға түсеріміз хақ. Сонда да адамзат баласы кейде өмірдің қиыншылығынан ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ажыратпастан, шыдамдылық танытпастан, күнәға батып, кейіннен өкініп мұң шарабына мас болмақ-дүр.
Ақынның «Тұман» өлеңін оқып отырғанда, осындай бір зәузәті бөлек ойға берілдім: өткенмен, тылсыммен тілдесіп, көз алдымда тұтас ғұмырым зырлап өте шыққандай күй кештім.
Менің нала-мұңымнан жаратылған
дала – тұман…
Түкпірінде тұманның періште жүр,
пейіш нұры тамшылап қанатынан…
Қалар ма екем айырылып тағатымнан,
уақыт нұры тамшылар сағатымнан,
нәрестенің іңгәсі құмығады,
жусаннан жаңа туған…
Ақын шығармашылығында мені ең қатты толқытқан өлеңдерінің бірі – «Мама» өлеңі. Біз, барлық аналар өзімізге бала сұрап, Тәңірге жалынамыз. Алайда ақын өлеңінде өмірге келу үшін өзінің анасын таңдағанын және сол әйелден туу үшін Аллаға жалбарынғанын айтады. Бұл – үлкен сүйіспеншілік пен құрметтің символы. Ана ретінде бұл өлеңді оқып отырып, көзіме жас алдым.
Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
«Осы арудың құрсағына бітемін» деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
«Ақынның анасы боп өтеді» деп.
Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.
Ақберен Елгезектің «Фантасмагория» кітабы – рух пен тәннің үйлесімділігіне, тұмандар мен бұлттар арасынан өтіп, ертегі әлемге апаратын дүниелерге тұнып тұр. Оның өлеңдерінен түн, періштелер, қанаттар, гүлдер, мезгілдер, армандар, мұң, махаббат және өмір бізге күле қарайды. Парақтарды ашқан сайын дәл бір қанатты пыраққа мінген балаша шабыттана шауып бара жатқандай, ғарыштың шексіздігіне самғағандай әсерге батасың. Бізді мұндай айрықша халге жеткізген – Фантасмагорияның мағыналы да мұңды өлеңдері.
Илтэр ЙЕШИЛАЙ,
ақын, жазушы
"Қазақ әдебиеті" газеті