Ақберен Елгезектің поэзиясы жөнінде баспасөз бетінде біраз пікірлер шыққан екен. Одан байқайтынымыз - Елгезектің шығармалашылығы қандай да болса бір тұжырымға сия қоймайтын, тарам-тарам бағыты бар күрделі дүние. Бірақ бұл сан-салалы сұрақтардың бәрін ол бір сұраққа бағындырған: мен кіммін, мен шынымен менмін бе, әлде жүрген құр сұлбамын ба, әлде өзге біреудің елесімін бе? Мына айнадан қарап тұрған бейне тым алдамшы емес пе? Әлде бір негізі бар ма? Негізі болса ол қай негіз? Ең қызығы, ол бір белгілі субъект болуға да қанағаттанбайды, ол субъектіліктен бұрынғы Жер мен Көкке тең болған космологиялық санаға бойлағысы келеді және ол аздай қазіргі түрлі интерфейс арқылы түрлі жүйеге қосыла беретін постсубъектілік сананың құбыжыққа толы елестерін салмақтап көргісі келеді. Көне қытайлықтар айтпап па еді: «Құдай өзгерістер дәуірінде туып өсуден сақтасын» деп. Ендеше Ақберен Елгезек нақ осы өзгерістер дәуірінің түлегі мен ойшылы, құрбаны мен өз-өзіне эксперимент қойған зерттеушісі.
Әуезхан Қодар
Ол өлеңге келген жоқ. Өлең оған келді. Ақынға. Күтпеген жерден емес. Күткен жері - тағдыры. Бір қарағанға, сырт келбеті Есенинді есіңізге түсіреді. Жаны... Құштарлық бар. Сол сезім - оның әлемінің қозғаушы күші. Сергек. Жаңашыл. Дәстүрді жоққа шығарушы емес. Әдемі киінгенді ұнатады. Эстет. Сыйлас адамдарымен қарым-қатынаста өзін екінші орынға ысырып қойып жүреді. Мақсатшыл, мүддешіл. Беймәлім, тылсым атаулыға ынтық. Жетінші айдаһардың әлемін іздейді. Поэтикалық ізденісі - өзін тануға ұмтылу.
Ерлан Жүніс
– Қазақ әдебиетiне екi мыңыншы жылдардың басында келiп, «Көлеңкелер күбiрi» жыр жинағымен аға буынды бiраз ойға қалдырған Елгезектiң Ақберенi, әуелi әңгiменi осы жинағыңыздан бастасаңыз?
– Негiзi мен өлең жазып, ақын болам деп ойламаған адам едiм. Өмiрде бiзге беймәлiм қызық дүниелер болып жатады ғой. Соның бiрi - менiң әдебиетке келуiм. Көп қыз-жiгiттер “өлеңдi пәлен жастан бастап жазатын едiм, сол бiр балаң шақта өзiмдi ақын ретiнде сезiндiм” деген секiлдi әңгiмелердi айтып жатады. Менде олай болған жоқ. Әрине, әдебиеттi өте жақсы көретiнмiн, қазақтың және шетел әдебиетiн құныға оқитынмын. Себебi, әдебиет менiң iшкi әлемiме өте жақын, туыс бiр ғалам болатын. Алайда, бала кезiмде өзiмнiң болашақтағы бейнемдi мүлде басқаша елестететiнмiн. Жоқшылық пен жетiмдiктiң бiраз тауқыметiн көрген соң ба, «осы иттiң баласы адам болса, мұрнымызды кесiп беремiз!», - деген сөздерге тойғандықтан ба, мен алдыма “болашақта қайткен күнде де бiр биiкке өрмелеп шығуым керек” деп мақсат қойдым. Оның жолдары көп қой. Әкiм не болмаса бизнесмен болу, тiзе берсең аз емес, әрине! Бiрақ... Бiрақ, әлгi бiр сөз бар едi ғой, «Құдайды күлдiргiң келсе, жоспарыңды айт» деген. Немесе «Адам жоспарлайды, Алла қалағанын iстетедi». Қысқасы, сөйтiп гөйтiп жүргенiмде, 26 жасымда ойда жоқта өлең жаза бастадым. 26 жасымнан дейтiнiм, бұрын да студент кезiмде қыздарға өлең жазып, ермек қылып жүргенмiн, бiрақ поэзия талабына сай дейтiн алғашқы өлеңiмдi сол отызға төрт жыл қалғанда жаздым. Сосын жазыла бердi. Жинақталған дүниенi өзiң айтып отырған кiтап етiп, оқырманға ұсындым.
– Қазақ әдебиетiнiң жанашыры ретiнде «Қазақ әдебиетiн қолдау» қорын құрып, бiр топ шығармашылық адамдар Алматыда «Кентавр» атты әдеби газет шығарған едiңiздер. Осы жайлы айтып өтсеңiз.
– Иә, әдебиеттi дамытып жiберейiн деген бiр пысықсыған ойдан туған жоба ғой. Әзiлдеп отырмын, әрине. Қуанышқа орай, ол жобамыз сәттi шығып, кезiнде әдеби ортада өте жақсы қабылданды. Бұл газеттiң беттерiнде талай жастың тұсауы кесiлiп, көптеген тың мақалалар мен жаңа идеялар жарық көрдi. Негiзгi мақсатымыз қазаққа шетел әдебиетiн жақынырақ таныстыру, олардың трендтерiн қазақтың дүниетанымымен байланыстырып көру едi. Бәрi байланыса қалды деуден аулақпын, бiрақ қазақтың бiлiм базасына бiраз дүниенi қостық деп есептеймiн. Кейiн дағдарыстың кесiрi килiгiп кеттi. Содан ол газетiмiз қазiр тоқтап тұр.
– «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деген Мағжан жырына арқау болған аға буын ағалар мен кейiнгi буын iнiлер арасындағы байланыс қандай? Өзiңiз қатарлы немесе iзiңiздi басып келе жатқан жас прозаиктер мен ақындардың деңгейi қандай?
– Аға буын да кезiнде жас болған екен деген аңыз бар. Соған қарағанда, ағаларымыз жастардың көңiл-күйiн жақсы сезiнедi. Үмiт күтедi. Жаңалықтарымызға қуанады, шалыс басқан қадамдарымызды айтып отырады. Бәрi сондай деп мақтап кеткенiм де жөн болмас. Бiздiң айтып, жазып жүргенiмiздi жатырқап, олай болмайды, былай жазу керек қой, «ойбай түсiнiксiз», «шам жағып оқымасаң, күңгiрт» дейтiн аға-апаларымыз да баршылық. Ендi ол ұрпақтар сабақтастығының тағы бiр өзгеше көрiнiсi десем болады. Бiз де кейiн сөйтiп отыратын шығармыз. Дегенмен, аға буын тарапынан жаманшылық көрiп жүрген жастар жоқ. Бәрi әдемi. Ал ендi, өз қатарластарым туралы, болмаса артымыздан келе жатқан қыз-жiгiттер жөнiнде не айтуға болады? Басында бәрi жүйрiк, бәрi тың секiлдi. Бәйге-өмiр көрсетер. Мен бiреудiң әдебиеттегi болашағы туралы айтпақ түгiлi, өзiм ақын ретiнде тарихта қалам ба, жоқ па, соған күмәнiм бар. Уақыт өзi сұрыптап, керегiн алып, келер ұрпаққа жеткiзедi.
– Соңғы кездерi «Қазақ әдебиетiнде сын жоқ, кеңестiк кезеңнiң елесiмен күн кешуде. Әсiре мақтау мен қолпаштаудан тұрады» деген пiкiрлер де айтылып жүр. Расында, қазақ әдебиетiнде сын бар ма? Болса деңгейi қалай? Сын жазып жүрсiз бе?
– Жоқ, сын жазып жүрген жоқпын. Ауызша ақыл үйреткенге шебермiн. Өлеңiн оқытып, ақыл-кеңес сұрағандарға пiкiрiмдi ашық айтам. Ал бiреуге сын жазу үшiн өзiң әуелi сол сыннан сүрiнбей өтуiң керек шығар. Ештеңе жазбайтын, тек бiлiмiнiң арқасында кәсiби сыншы болу - бiр басқа әңгiме. Оған табиғи сұңғылалық пен асқан байқампаздық керек. Қазақ әдебиетiнде қазiргi сын - өзiң айтқандай не мақтау, не қаралай салу деген екi ұштан тұратын дүние. Оқырман да, қаламгер де мойындайтындай, сын қашан объективтi болады, сол кезде ғана оның пайдасы тиедi.
– Әдебиетке ендi келiп жатқан жас буынға қамқорлық аз. Жаһандану жағадан алып, нарықтық заманға тұспа-тұс келген шақта осы шығармашылық топтың өзiн жоғалтып алмасына кiм кепiл? Бүгiнгi жастар қандай идеяны көп көтеруде. Негiзгi тақырып аясы не туралы?
– Қамқорлық деп ненi айтамыз? Кiтап шығарып беру, баспана беру әлде сыйлық беру ме? Әр адамның қамқоршысы – бiр ғана Алла. Қалғаны өзiне байланысты. Ал қазiргi жас толқынды мына нарықтық заманда жоғалтып аламыз деп қорқудың қажетi жоқ. Әдебиет соғыста да, басқа да алмағайып замандарда да өмiр сүрген. Жалпы, жақсы әдебиет тоқшылық пен баршылықта жазылмайды. Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлт басынан не кешiрiп жатса, сол әдебиетте көрiнiс табады. Бәрi тың игерiп кетсе де, бiр ақын не жазушы мiндеттi түрде жазу үстелiнде отырады. Тәңiр тiршiлiктi жаратып жатқанда, соған әмiр еткен. Оны ешкiм өзгерте алмайды. Жастар қазiр өзiн зерттеп жатыр. Өз iшiнен не табады, соны жазады. Бұрынғыдай толған айды қызықтап, жұлдыз санап, өзеннiң сылдырына құлақ тосып отырмайтын секiлдi.
– Оңтүстiк қазақылықтың қаймағы бұзылмаған құтты өлке деп жатады. Бүгiнде осы өңiрдiң талантты тумаларынан кiмдердi айтар едiңiз? Мұндағы жас шығармашыл топтан жарқ еткен құбылысы деп кiмдердi атар едiңiз?
– Оңтүстiк өңiрi талантқа кенде болмаған. Себебi, қазақтың барлық жерi секiлдi, Оңтүстiк те киелi мекен, қасиеттi топырақ. Қазақтың иiсi көбiрек шығатын бұл өңiрде қазақтың бай тiлi мен философиясын бойына мейлiнше сiңiрiп өскен жастар көп. Мен қазiр бiрiн атасам, бiрiн ұмытып қалуым мүмкiн. Сосын замандас қыз-жiгiттер маған ренжидi. Бiр ғана айтарым, Төлеген Айбергеновты, Қаныбек Сарыбаевты, Мұхтар Шахановты, Мархабат Байғұтты, Ханбибi Есенқараеваны, Бақытжан Алдиярды сыйлаған қасиеттi Оңтүстiктен қазiр азуын айға бiлеген бiраз қыз-жiгiттер жаңа толқын болып әдебиетке қосылып жатыр.
– «Мағжанның Европалығын сүйем» дегендей, бүгiнде төл әдебиетпен қатар әлем әдебиетiнiң озық үлгiсiнен нәр алып, қазақ әдебиетiнде өзiндiк стиль қалыптастырған қаламгерлер бар ма? Төл әдебиеттiң шетелге жарнамалануы қалай?
– Бұл - өзiң айтқан екi мыңыншы жылдардың басында келген буынға тән дүние. Оны неге қозғап отырғаныңды да сезiп отырмын. Маған өте жиi айтылатын «сын» да – менiң осы еуропашылдығым-мыс, батысшылдығым-мыс, қазақи бояудан ада поэзия-мыс деген әңгiме. Ендi талғамға бiрдей талап жоқ қой. Бұл ештеңе таппаған соң, жаңалық ашу ойыны деп есептейтiндер де бар шығар. Ол да заңды. Алайда, заман өзгерген сайын, ұлттың да, тiлдiң де өзгеру процесi қоса жүредi. Себебi, дүниетаным мен ойлау стилi де өзгередi. Мәселен, неге осы үрдiстi қабылдағысы келмейтiн ағайын, кезiнде қазақ пайдаланған шағатай тiлiнде немесе Абайдың стилiнде шығарма жазбайды? Жазбайды екен, ол да қазақтың дәстүрлi поэзиясынан ауытқу ғой. Неге бәрi жазба ақын боп кеттi, неге жыраулық поэзияны ары қарай жалғастырмайды? Ұят қайда десек, қалай болады екен? Алпысыншы-жетпiсiншi жылдарда әдебиетке келген адуынды толқын жаңалық болды ғой? Олар ескi сарында жаза беретiн болса, қандай жаңалық әкелер едi. Бәрi де қара өлең жазды дерсiң. Қазiр де сол қара өлең. Тек мазмұн басқа. Адамзаттың iшкi әлемi әр онжылдық сайын күрделенiп келедi. Күрделену деген түсiнiксiз боп бара жатыр деген сөз емес. Ақпараттың көптiгiнен, жаңа бiлiмнiң толығуынан адамның санасы трансформацияға ұшырайды. Басқаша айтқанда, тағы бiр эволюциялық сатыға көтерiледi. Бүгiнгi «күңгiрт», «түсiнiксiз» деп сынап жүрген поэзияңыз, ертеңгi талғам мен талап тұрғысынан қарағанда жай тақпақ болып қалуы мүмкiн. Бiр ғасырдан соң келетiн поэзия ненi жырлайды деп елестетiп көрелiкшi? Киiз үй мен малды, ауылдың қора-қопсысын ба? Әлде жанның iшкi иiрiмдерiн, жаратылыс құпияларын, Тәңiрдi тану жолын ба? Менiңше соңғысы. Сол қызық поэзияның басы қазiр басталып жатыр. Ал, бiз кеңестiк замандағы ұрандағыш «позитивтi» поэзияға үйренiп қалғандықтан, жаңа поэзияны жатырқаймыз. Бар мәселе сонда. Қазақтың тiлiнде жазылған екi сөйлем болса да, ол қазақтың қазынасына құйылып жатқан дүние. Сапалысы қалады, сапасыз шимайлар күресiнге лақтырылады. Оған бас қатырып, дауласудың қажетi жоқ. Бәрiбiр әр заманның өз үнi болады.
– Соңғы кезде қазақ поэзиясында екi ұғым қатарласып келедi, батыспен үндескен қазақы стильдегi жырлар, тағы бiр қызығы қоңыр өлең деп аталатын қарапайым жырлар, сiз қай топтансыз? Өзiңiз жайлы айтылған пiкiрлермен келiсесiз бе? (Ақберен қиялшыл дегендей....).
– Өз басым прагматик ақын болыпты дегендi естiген емеспiн. Өлеңнiң қозғаушы күшi - алдымен мұң, сосын қиял. Қиялшыл болмаса, оның несi ақын? Ақберен қиялшыл десе, мен оған қуанамын. Демек, менiң қиялымдағы әлем бiреуге қызық болуы мүмкiн, бiреуге түсiнiксiз болуы ықтимал. Бiрақ ол маған ғана тән ойлау жүйесi, менiң ғана әлемiм. Қонақ болғыңыз келсе, қош келдiңiз, ұнамаса, бұлтпен ақырын жауып қойып, ары қарай саяхаттай берiңiз. Ол әлемге ешкiмдi зорлап кiргiзе алмайсыз ғой. Оқитын адам оқиды. Оқымайтын ақын туралы телесериал түсiрсең де, пайдасы жоқ. Ал, мен қандай ақынмын деген сұраққа жауап бере алмаймын. Оған бiреулер секiлдi оқырман жауап берсiн деп те мiндет артып тастағым келмейдi. Мен ойыма келетiн ойды жазатын, тiптi сол ойдан құтылғысы келетiн бiр қияли адаммын. Ол поэзиядағы менiң болмысым. Қалған уақытта мен жай ғана пендемiн.
– Үнемi қабағы түйiлiп жүретiн Ақбереннiң ой сандығында ашылмай жүрген қандай идеялар бар? Өзiңiз өмiр сүрген ортаға салар ойыңыз бар ма? Тың жаңалық дегендей... – Баяғыда бiр кәрi қыз: «суретiм оттай бередi, жаным жап-жас» деген екен. Сол секiлдi суретiмде қабағым үнемi түйiлiп түсiп қалады, ал, өмiрде мен өте жайдары, әзiлқой адаммын. Менiмен алғаш кезiккен адамдар, интернеттегi суретiмнен менiң «қатал» образымды сомдап келетiнi бар. Сосын бiраз әңгiмелескен соң, «өзiң бiр қызық адам екенсiң» деп жататыны бар. Өмiрде менiң қабағым бостан босқа түйiле бермейдi. Идея дейсiң бе? Идея көп қой, айта берсек, газеттерiңiздiң мына саны тек менiң қиялымның жемiсiн жариялауға арналып кетуi мүмкiн...
– Соңғы кездерi кiмдердi оқып жүрсiз?
– Кейiнгi кезде көп дүние оқыдым. Көбiсi ғылыми-танымдық кiтаптар. Әсiресе, кейiнгi кездегi физика ғылымында болып жатқан өте-мөте қызық ғылыми жаңалықтарды бас алмай оқитын болдым. Әр жаңалықта Жаратқанның шеберлiгiн көрiп, таңқалып отырам. Мен де сол Алланың жаратылысымын ғой, демек бiз және барлық ғаламдар мен заңдылықтардың шығу тегiмiз бiр. Бұл өте қызықты және шексiз бiлiм. Сосын жаңа әдеби шығармалар шығып жатса, қалт жiбермеуге тырысамын. Шетел және орыс әдебиетiндегi процестердi бақылап отырам.
– Көркем әдебиетпен қатар БАҚ саласында да еңбектенiп келесiз. Ғаламтор арқылы бiрқатар сәттi жобаларды («Кентавр.кз», «Ақберен») iске асырып жатсыз. Биыл қазақстандық интернет кеңiстiгiнде «Ұлт.кз» қоғамдық-саяси интернет басылымын жарыққа шығардыңыз. Ұлт жайлы ұтымды ой айтар басылым жайлы ой бөлiссеңiз...
– Қазақтың өзiнiң ойын, мұң-мұқтажын ашық айтып отыру үшiн билiк пен оппозициядан тәуелсiз, өзiндiк позициясы бар бiр дербес алаң болса деп ойлап жүрушi едiм. Алла осы ойдың жүзеге асуына жәрдемдесiп, www.ult.kz порталын ашуға мүмкiндiк туды. Бұл менiң кiшкентай да болсын өз ұлтыма деген қызметiм деп есептеймiн. Шынымды айтсам, екi айдың көлемiнде рейтингiмiз жылдам өсiп, жұрттың барлығы кiрiп, қызыға оқитын сайт жасай алам деп ойлағам жоқ. Бүгiн Аллаға тәуба, оқырмандарымыздың аудиториясы күннен-күнге кеңейiп келедi. Жас сайт үшiн бұл өте жақсы көрсеткiш. Бұл дегенiмiз қазақ белсендi, сергек, өз болашағына немқұрайды қарамайтын ұлт екенiн дәлелдеп келедi. Мен соған аса қуаныштымын.
Ұлт мәселесiне қатысты мақала жазатындар да бiзге жариялануға құштар. Жобаның сәттi шығуының бiр себебi - бiздiң порталда қоғамның барлық салалары қамтылған. Сондықтан бiздiң порталдан әр саланың адамдары өзiне қажеттi ақпаратты таба алады. Екiншiден, бiз бұл порталға қазақтың мүддесiне қатысты материалдарды ғана жариялаймыз. Қазақты бiр-бiрiмен қырқыстыру, бiр-бiрiн қаралайтын мақаланы жариялау арқылы өзiне рейтинг жинау бiзге қажет емес. Ұлт порталындағы барлық мақала тек ұлттық сүзгiден өтiп жарыққа шығады. Яғни қазаққа пайдалы дүние болса, ол порталда жариялануы тиiс деген сөз. Ұлттың мәселесiне қатысты материалдарды күн құрғатпай, дер кезiнде оқырманға жеткiзiп отыру – ол бiздiң мiндетiмiз. Статистикаға назар аударсақ, бүгiн Қазақстанда интернет құралдардың 78 пайыздан астамы орыс тiлiндегi сайттар болса, 11 пайызы ағылшын тiлiнде екен! Ал, қазақтың елiнде қазақ тiлiндегi сайттардың саны 9 пайыз ғана! Орыстiлдi сайттардың болғаны түсiнiктi, ал, 11 пайызы ағылшын тiлiнде деген не? Оны кiм оқып жатыр? Түсiнiксiз. Яғни орыстiлдi басылымдардың ықпалынан құтыла алмай отырғанымызда, ендi қазақтың интернет кеңiстiгiнде ағылшын тiлiндегi сайттар еркiн дами бастай ма? Оған мен қарсы емеспiн. Ағылшын тiлi арқылы әлемдегi көптеген ақпаратқа қол жеткiзуге болады делiк. Бiрақ ол үшiн сол тiлдi еркiн меңгеруiмiз керек қой. Әзiрге ол жаппай белең алатын жағдайдың ауылы алыс секiлдi. Сонда неге қазақ тiлiнде ақпарат тұтынғысы келген оқырманның құқығы бұзылуы тиiс? Қазiргi ақпараттық заманда қазақ оқырманы амалсыздан орыс тiлiндегi ақпаратты тұтынуға мәжбүр. Ал, сөздiң сиқыры бар. Қай тiлде ақпаратты тұтынсаң, сол тiлде ойлай бастайсың.
Бүгiн жастардың барлығы дерлiк ғаламторда отырады. Сол себептi қазақ үшiн оның болашақ прогрессивтi санасын қалыптастыруға бағытталған жұмысты интернетте белсендi түрде жүргiзу керек. Әбден жаттанды боп кеткен әртүрлi шаралар қазiр аз нәтиже бередi. Үшiншiден, интернет арқылы қазақтың мүддесiне қайшы, ұлтқа зиян әкелетiн үрдiстердi саралап, оқырманға объективтi ақпаратты берiп отыру қажет. Себебi, интернет бүгiн ең қолжетiмдi, ең ықпалды байланыс құралы болып отыр. Ұлтқа, оның болашағына қатысты кез келген шаруаны талқыға салып, қазаққа қас неше түрлi құйтырқы амалдардың орындалмауына интернеттiң мүмкiндiгiн пайдалануға тиiспiз. Айтылғандардың барлығы бiзге ұлттық мүддеге жұмыс жасайтын интернет құралдарын көптеп құру керектiгiн көрсетiп отыр. Қазақ тiлiндегi сайттар көбеюi керек, ол сөзсiз. Себебi, өмiрiмiздiң айнымас бөлшегiне айналып кеткен интернеттiң мүмкiндiгi зор.
— Iшкi әлемiңiздi бүкпесiз ақтарғаныңыз үшiн үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан Нұршат Төкен,
2012 жыл