13 шіл, 2022 сағат 16:33

Ақ үй жұмысшылары қанша жалақы алады?

Фото: Getty Images

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Ақ үй қызметкерлерінің жылдық табысы туралы ақпаратты ашып, Конгресске барлық 474 қызметкердің тізімін жолдады. Бұл туралы Fox Business жазды, деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Қызметкерлерге жылына 0 доллардан 180 000 аралығында жалақы төленеді, ал көпшілік жұмысшының жалақысы жылына 100 000 доллардан асады.

24 қызметкер ең жоғары жылдық жалақы алады. Тізімде Ақ үй аппаратының басшысы Рон Клейн, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер, ішкі саясат жөніндегі кеңесші Сюзан Райс және басқа да көптеген заң және саяси кеңесшілер бар.

Сондай-ақ, Ақ үйде 16 қызметкер бар, олардың жалақысы 0 доллар. Олардың қатарында Байденнің иммиграция жөніндегі аға кеңесшісі Рамзи Кассем және оның экономикалық саясат жөніндегі арнайы кеңесшісі Джастин Левитт бар.

Жалақы төленбейтін жұмысшыларды есептемегенде, Ақ үйде ең төменгі жалақы 48 000 долларды құрайды, бұл 12 қызметкерге төленетін сома.

Джо Байденнің өзі Ақ үй қызметкерінің тізімінде жоқ. Ол жылына 400 000 доллар алады. Бұл жалақыға 50 000 долларлық жалпы шығын немесе 100 000 долларлық жол жүру шығыны кірмейді.

Айта кетейік, 1995 жылдан бері Ақ үй Конгресске жыл сайынғы есебінде өз қызметкерлерінің жалақысын ашып көрсетуге міндетті.