Ақ үй сейсенбі күні АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне Сәуле Омарованы тағайындауды ұсынып, сенатқа ұсыныс жолдады, деп хабарлайды Азаттық.
Егер оның кандидатурасы мақұлданса, ол АҚШ-тағы мыңнан астам банктің қызметін реттейтін 3,5 мың қызметкері бар басқармаға жетекшілік етеді. Ол сонымен бірге басқарманың 158 жылдық тарихында басшы қызметіне тағайындалған тұңғыш әйел және алғашқы азиат болмақ.
55 жастағы Сәуле Омарованың АҚШ валюта басқармасының жетекшісіне бас үміткер екені тамыздың басында-ақ белгілі болған. Қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден оны Қаржы министрлігі құрамындағы Валюта басқармасының жетекшісі қызметіне ұсынуға ниетті екенін білдірген кезде АҚШ қоғамында қызу талқы туған. Банктер мен республикашылдар Омарованың идеяларын тым радикал санап, оған қатты қарсылық танытқан.
АҚШ-та валюта басқармасының жетекшілігіне кандидатты президент ұсынғанмен, сенат мақұлдайды. Сәуле Омарова кандидатурасы бекітілуі үшін оны сенаттағы демократтар бірауыздан қолдауы тиіс.