АҚШ америкалық инфрақұрылымға (коммерциялық спутниктер де кіреді) жасалған кез келген соққыға жауап береді. Бұл жөнінде 27 қазанда АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.
АҚШ қалай жауап беретінін нақтыламады. Кирбидің айтуынша, Ресей спутниктерді жоятын жүйеге ие болуға талпынып отыр.
27 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігінің қаруды таратпау және бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Константин Воронцов "Ресей Украина соғысында пайдаланылып жатқан коммерциялық спутниктерді заңды соққы нысаны ретінде қарастырады" деп мәлімдеген еді.
Кирби бейсенбі күні Вашингтондағы брифинг кезінде АҚШ президенті Джо Байден 15–16 қарашада Индонезияда өтетін "Үлкен жиырмалық" саммиті аясында Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отырмағанын айтты. Бұған дейін АҚШ президенті Путинмен кездескісі келмейтінін бірнеше рет мәлімдеген.
Путин саммитке қатысатынын ресми түрде растамады. 27 қазанда ол түпкілікті шешім қабылдамағанын айтты. Бірақ саммитке Ресей өкілдері міндетті түрде қатысатынын жеткізді.
Әскери сарапшылар Украинадағы соғыста коммерциялық жүйе өнімдері де қолданылып жатқанын атап өтеді. Украина армиясы миллиардер Илон Масктің Starlink спутниктерін өзара байланысқа, барлау деректерін алуға қолданып жатыр. Байланыспен Viasat компаниясы қамтамасыз еткен.