ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, «ақ майнерлер» кешеден бері электр жүйесіне қайта қосылып, жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарымен кездесуінде Энергетика министрі «ақ» майнерлер» санатына жататын заңды майнингпен айналысушы кәсіпорындардың кешеден бастап жұмыстарын қайта жандандыруға рұқсат алғанын атап өтті.
Министр бұл мәліметті кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген кезде де растады.
«Біз бұған дейін «ақ майнерге» ресми тіркелген компаниялар жатуы керек деген болатынбыз, естеріңізде шығар. Ондай кәсіпорындар салық төлеуші болып есептеледі. Ең бастысы, олар өздері сатып алған, тікелей меншігіндегі қондырғыларды пайдаланады. Яғни, майнингпен айналысуға қажет қондырғылары кедендік рәсімдеуден өткен, алым-салығы төленген болуы шарт. Осы талапқа сай болса, қолда бар мүмкіндіктер шегінде электр тұтынуын қарастыруға болады. Бірақ тағы да айтамын, егер электр жүйесі тапшылық сезетіндей жағдай туындаса, оларды бірден ажыратамыз. Менің білуімше «ақ майнерлер» кешеден бері жұмыс істеп бастады», - деді Болат Ақшолақов.