27 нау, 2022 сағат 19:06

Air Astana ұшақ неге Нұр-Сұлтан әуежайына қайта оралғанын айтты


Air Astana әуе компаниясы Нұр-Сұлтан – Алматы бағыты бойынша ұшқан КС 622 рейсінің ұшағы елорда әуежайына қайтуына не себеп болғанын айтты.

Әуе компаниясының баспасөз қызметі ұсынған дерек бойынша, Airbus А321 бортында қозғалтқыштың әуеде іске қосу клапанының бірі істен шыққаны туралы сигнал қосылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Осы сигналды жою үшін экипаж нұсқаулыққа сәйкес әрекет етіп, желдету жүйесіне арналған ауа толтыру қызметін сөндірді. Ұшақты төмендете бастағаннан кейін экипаж қосымша тартқыш қондырғы мен желдету жүйесіне арналған ауа жинаудың қосымша қызметін қосты", - деп хабарлады компанияда.

Air Astana ұшақ төмендеген кезде салонда герметикаға қауіп төндіретін жағдай болмағанын және оттегі максаларын қолдану қажеттілігі туындамағанын айтты.

Экипаж жолаушыларға Нұр-Сұлтандағы әуежайға қайта оралатыны туралы ескерткен. Қону штаттық режимде жүргізілген.

Еске салсақ, әуе кемесі Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына таңғы 08:32-де сәтті қонды. Бортта 158 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Жолаушылар сағат 12:15-тегі басқа ұшақпен ұшып кетті.

Осы факті бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиациялық оқиғаларды тергеу басқармасы тергеу жүргізетін болады.