Жұмыс бабымен Киевке шұғыл ұшып барған Air Astana компанясының президенті Питер Фостер Қазақстан елшілігінің жертөлесінде бас сауғалап отыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Оның әйелі Татьяна Фостердің сөзінше, кеше жұбайы 2 күнге Ақтауға іссапарға кеткен.
«Бүгін таңертең Питер маған қоңырау шалып, Киевте екенін және менен ақпаратты жасыруға мәжбүр болғанын айтты. Ол Қазақстан азаматтарын эвакуациялау үшін, Киевке шұғыл барған», - дейді Татьяна.
Украинадағы барлық әуежай жабық болғандықтан, ел азаматтарын Польша арқылы шығаруға шешім қабылданған.
«Менің жұбайым «ЭйрАстана» авиакомпаниясының президенті. Жер үсті қызметі жөніндегі вице-президент Александр Небога екеуі Қазақстанның Украинадағы елшілігінде болды және сол кезде барлық әуежайлар, оның ішінде Борисполь жабылғандықтан, Қазақстан азаматтарын Польшадағы Катовица қаласы арқылы ұшыруға шешім қабылданды. Эвакуация штабын Польшамен шекараға жақын және Киевке қарағанда қауіпсіз Львовта ұйымдастыру шешілген», - дейді Фостердің әйелі.
Львовта эвакуацияланатын адамдардың тізімі жасалып, қазақстандық паспорт иелеріне Польшамен шекарадан өтуге мүмкіндік беретін дәліз келісілуі керек болған.
«Жұбайымның кезекті қоңырауы мені шошытты. Ол Киевтен Львовқа дейінгі жолда 3 сағат өткізген. Олар айналма жолға түскенде ресейлік танктер мен бронетранспортерлердің колоннасына тап болған. Бұл Украина астанасы Киевтен небәрі 20 шақырым, 3 сағаттық жерде. Питер көлікті кері бұрып, Киевке оралуға шешім қабылдады. Қазіргі уақытта олар Александрмен бірге Қазақстан Елшілігінде. Елшіліктің жертөлесінде. Жақын маңда әскери күштердің шайқасы жүріп жатыр», - деп білгенімен бөлісті Татяьна.
Сондай-ақ, ол ертең оқиға қалай өрбитіні туралы да жазбақ.