Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Facebook» компаниясының министрлікпен бірге жасалған мәлімдемені теріске шығаруына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
««Facebook» компаниясының біріккен мәлімдемені теріске шығаруына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында «Meta» («Facebook») компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Өңірлік кеңсесінің коммуникациялар жөніндегі директоры Бен МакКонэхи мырзаның (Ben McConaghy) теріске шығарған мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келесіні хабарлайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі келіссөздерді Гонконг қаласында орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша «Meta» («Facebook») компаниясының өңірлік офисімен жүргізді.
1 қарашада жарияланған біріккен мәлімдеменің мәтіні мен оның БАҚ-да жариялануы аталған аймақтық кеңсенің басшылығымен толықтай келісілген болатын», - деп жазды Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Еске сала кетейік, кеше ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернеттегі зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Facebook-пен тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келгенін мәлім еткен болатын.
«Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді.
CRS министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатының да, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының да бұзушылықтары бар контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Орталық Азияда контенттік саясатқа жауап беретін Facebook компаниясының халықаралық командасымен тікелей байланыс арнасына және жүйеге қосылған алғашқы ел болып табылады», - делінген еді министрлік мәліметінде.