Қазақстанда мотор отынын өндіру көлемі артты. 2017 жылдың бірінші тоқсанында республика бойынша 810,3 мың тонна мотор отыны өндірілген, бұл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 17,5%-ға көбірек, деп хабарлайды energyprom.kz.
40%-дан астамын әдеттегідей, ең қуатты мұнай өңдеу зауыты орналасқан Павлодар облысы қамтамасыз етті, Павлодар мұнай-химия зауыты - 372,9 мың тонна + жылына 25,9%. Қазіргі уақытта ПМХЗ-да күкірт өндіру қондырғыларының кешенінде іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, бұл жұмыстар шілде айында, ал изомерация мен нафта сплиттері қондырғысындағы жұмыстар - қыркүйек айында аяқталады. Бұл уақытқа дейін кәсіпорын кепілдікті пайдалану көрсеткіштеріне қол жеткізіп, К4 (Еуро-4 баламасы) экологиялық сыныбының жоғары октанды автомобиль бензиндерін өндіруі тиіс. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң, жоғарыоктанды бензин өндіру 297 мың тоннаға артады.
ПетроҚазақстан Ойл Продактс (ПҚОП) орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы 233,6 мың тонна - өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,6%-ға азырақ жанармай өндірді. Көрсеткіштің төмендеуі 2017 жылдың 27 сәуірінде аяқталған зауыттағы жоспарлы күрделі жөндеумен байланысты. 2017 жылдың 31 наурызында ПҚОП шикізатты алдын ала гидротазалау блогы бар жеңіл бензин фракцияларының изомерациясы қондырғысындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының механикалық аяқталуы бойынша актілерге қол қойылды.
2017 жылдың шілде айына дейін нысанда іске қосу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі және К4, К5 экологиялық классындағы жоғары октанды бензиндерін алуға және олардың өндірісін жылына 460 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін изомерация қондырғысы іске қосылады. Одан бөлек, зауыт қуаттылығын жылына 5,25 миллион тоннадан 6 миллион тоннаға дейін арттыруға бағытталған жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Еліміздің үшінші ірі мұнай өңдеу зауыты орналасқан Атырау облысында 190,3 мың тонна - өткен жылғы көрсеткіштен 40,4%-ға аз отын өндірілген. Зауытта мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені салынып жатыр, жоба құрылысы аяқталуға жақын. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысының механикалық аяқталуы биылғы жылдың ортасына жоспарланған, одан кейін іске қосу және жөндеу жұмыстары басталады.
2015 жылы өндірістік көлемдер төмендеген соң (жылына минус 5,1%), 2016 жылы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары қарқынды жұмыс істеді (бұрынғы қарқынына жетті) - өткен жыл 2,8%-ға, 2,95 млн тоннаға дейінгі өсіммен аяқталады.
Қазақстандық өндірушілер бензинге деген сұраныстың 70%-дан астамын (2017 жылдың қаңтар-ақпан айлары бойынша - 70,4%) қамтамасыз етіп отыр. Өндірістің өсімімен қатар импорттың да өсімі байқалған - екі айдың қорытындысы бойынша 60,3%-ға, 237,1 мың тоннаға дейін өскен.
«Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртқан соң, мұнай өңдеу көлемі 14,5 миллион тоннадан 17,5 миллион тоннаға дейін артады. Ақшыл мұнай өнімдері - бензин, дизельдік отын, авиаотынының өндірісі ұлғаяды. Осылайша, 2019 жылдан кейін еліміздің ішкі қажеттіліктерін отандық мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етуді және жанар-жағармайдың импортқа тәуелділігін болдырмауды күтудеміз», - деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
2017 жылдың сәуір айының қорытындысына сәйкес, ҚР бойынша АИ-92 маркалы бензин бағасы 2016 жылдың сәуір айымен салыстырғанда шамамен 14,8%-ға, литріне 142,1 теңгеге дейін қымбаттаған. Дегенмен, наурыз айымен салыстырғанда баға аздап төмендеген (0,1%). Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «ҚазМұнайГаз» жанармай құю бекеттеріндегі АИ-92 бензинінің арзандауына қатысты пікір білдіріп, бұл маркадағы бензиннің 142 теңгеге дейін арзандағанын мәлімдеді. «Нарықта тауар сатылмай тұрып қалды және сұраныс төмендеді», - деді ол.
Теңгенің долларға шаққандағы нығаюы да Ресейден импортталатын отынның арзандауына ықпал етті. Одан бөлек, Қазақстандағы АИ-92 қорының деңгейі нарықтағы көтерме баға деңгейінің реттелуіне септігін тигізді.
Өзгелерден қымбатырақ АИ-95/96 маркалары бір жылда 11,8%-ға, ай сайын 0,1%-ға қымбаттап, сәуір айының қорытындысы бойынша литріне 154,9 теңгені құраған. АИ-98 бір жылда 6%-ға, литріне 164,3 теңгеге дейін көтерілді.
Дизельдік қозғалтқыштары бар автомобиль иелеріне бағалардың өсуі айтарлықтай сезілді: жазғы дизель бірден 34,8%-ға, литріне 132,7 теңгеге қымбаттаса, қысқы дизель бір жылда - 12,7%-ға, литріне 171,2 теңгеге дейін көтерілді. Тек қана сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда жазғы дизель отыны тағы 0,8%-ға, қысқы дизель отыны - 0,5%-ға қымбаттады.