25 там, 2017 сағат 17:45

Ағымдағы мәселелерді Президенттің деңгейіне шығарудың қажеті жоқ - Назарбаев

Қазақстан Президентінің төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кеңеске Премьер-Министр Б.Сағынтаев, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жетекшілері қатысты.

Кеңес барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М.Тәжин, Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров баяндама жасады.

Мемлекет басшысы жұмыс тобы жетекшілерінің есептерін тыңдап, Бес институционалдық реформаның жекелеген бағыттарының іске асырылу барысына тоқталды.

– Бірінші реформаға тоқталайық. «Б» корпусының басшылықтағы қызметкерлерін аттестациялау қорытындысында көптеген министрлік пен әкімдіктерде жұмыс істейтіндердің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білу деңгейі төмен екені анықталды. Ең алдымен, бұл ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктеріне, сондай-ақ барлық әкімдіктерге қатысты болып отыр. Мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабында өсу жағдайы жақсарды. Сонымен бірге, бірқатар мемлекеттік органдарда «командалық ауыс-түйіске» байланысты басшылық құрамның ауысу деңгейі жоғары екені байқалады, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «өз еркімен» босаған лауазымдарға түрлі кезеңде басшылармен бірге жұмыс істеген адамдар тағайындалып жатқанын айтты, сондай-ақ бұл мәселелерді ретке келтіру жөнінде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

– Заңдылық пен құқықтық тәртіптің бұзылуы туралы халықтың Президент Әкімшілігіне арыз-шағымы азаймай тұр. Сотқа дейінгі сатыда нақты жарыспалылық жоқ. Қорғаушылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі жеткіліксіз. Айқын әрі болмашы бұзушылықтар жөніндегі рәсімдерді мейлінше жеңілдету қажет. Адамдар қарапайым істер бойынша шешімді айлап күтпеуі керек. Сот және құқық қорғау органдарының шешімдері жинақы әрі адамдарға түсінікті болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жергілікті полиция қызметіне тоқталып, шұғыл жағдайларда оларды басқарудың және әрекет ету жеделдігінің төмендемеуіне жол бермеу қажеттігіне тоқталды.

– Жергілікті полиция ішкі істер органдарының біртұтас жүйесінде болған және солай болып қала береді. Алайда, әкім полиция алдына жергілікті маңызы бар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде міндеттер қоюға құқылы, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Бес институционалдық реформаның үшінші бағытына қатысты 50 қадамның 13-і іске асырылғанын, ал қалғаны бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті жаңа Салық кодексі жобасынан тиімсіз жеңілдіктер мен артықшылықтарды алып тастау қажеттігін тағы да ескертіп, бұл мәселе жөнінде ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өңірлік электр жүйелері компанияларын ірілендіру жөніндегі заңды орындаудың маңызды екеніне назар аударды. Оның нәтижесінде тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасы төмендеуге тиіс.

– Экспорттық тауарлар жасау және әлемдік нарыққа шығу үшін қайта өңдеу секторына кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту міндеті қойылған болатын. Былтыр «Тенарис», «ЭФКО» және «Кока-кола» компаниялары іске асырған 3 бірлескен жоба ғана іске қосылды. Бұл ретте, кока-кола шығаратын компания елімізде өткен ғасырдан бастап жұмыс істеуде, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «ірі инвесторлардың» қатысуымен экономиканың басым секторларындағы жобаларды іске асыру тұрғысынан соңғы 2 жылда айтарлықтай ілгерілеушілік болмағанын айтты.

– Бұл жөнінде жыл сайын айтып келеміз. Әлі күнге дейін стратегиялық инвестормен бірге осы салада бірде-бір жоба іске асырылған жоқ. Арнайы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясын құрдық. Оған айрықша мәртебе беріп, барлық өңірде өкілдіктерін аштық. Жарты жыл өтті, нәтижесі қайда? – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Премьер-Министрге инвесторлар тарту жөніндегі жұмыстарға жауапкершілік белгілеу жүктелді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен оның институттарының бұдан арғы жұмыс жоспары мен перспективаларына тоқталды.

Мемлекет басшысы Үкімет қабылдаған шараларға қарамастан, жер қойнауын пайдалану секторында орын алып отырған сыбайлас жемқорлық мәселелеріне тоқталып, бұл саладағы заңнаманы қайта қарастыруды тапсырды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарын одан әрі іске асыру үшін биліктің барлық тармағының алдында тұрған ауқымды жұмыс көлемін айқындап берді.

– Конституциялық реформа аясында Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігі мен бақылануы күшейтілді. Кез келген басшы жауапкершілікті басқаға аудармай, мәселені өз деңгейінде жедел әрі біліктілікпен шешуге тиіс. Ағымдағы мәселелерді Президенттің деңгейіне шығарудың қажеті жоқ, – деді Елбасы.