Фото: primeminister.kz
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биылғы егіс алаңы 23,4 млн гектарды құрайды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 68,6 мың гектарға көп. Алдағы уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.
Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша аграршылар 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырды, өңірлерде қоймаларда тұқым қорлары да дайындалды. Бұл ретте фермерлерге 55 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге – 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді
Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін нарықтық құны 15-20%-ға төмен бағамен жалпы 413 мың тонна дизель отыны бөлінетінін баяндады. МӨЗ үшін отын өндірудің тиісті кестесі бекітілді, оны тасымалдаудың ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды. Бұл мәселе ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының тұрақты бақылауында.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев өңірлердің егіс науқанына дайындығы туралы хабардар етті.
Премьер-Министр баяндамашыларды тыңдап, көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдағанын айтты. Атап айтқанда, жеңілдікті дизель отыны бөлінді, форвардтық сатып алу мен субсидиялауды қаржыландыру жоспарланған. Өткен жылдағыдай, бұл мақсаттарға 140 млрд теңге несие көзделген.
«Мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Бұл – агротехнологияларды қатаң сақтау және тыңайтқыштарды уақытылы қолдану», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің небәрі 26%-ын ғана құрап отырғанын атап өтті. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді.
«Осы өндірістердің бәрін, ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет. Сарапшылардың бағалауы бойынша, минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – жиналған өнімнің жартысына жуығы», — деді ол.
Премьер-Министрдің айтуынша, топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді. Бұл ретте, фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет.
Үкімет басшысы жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстары да ерекше бақылауда болуы тиіс екенін айтты.
«Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа «жасырын сататын» операторларға барынша қатаң шара қолдану керек», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, аумақтар бойынша егістік жерлердің жалпы ауданы және жанар-жағармайға қажеттілігі бар шаруалардың деректер базасын құру қажет.
Премьер-Министр отырысты қорытындылай келе, фитосанитариялық іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз ету және тыңайтқыш себу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, оңтүстік өңірлерді суармалы сумен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ егіс алқаптарын әлеуметтік маңызы бар және жемшөп дақылдарының қажетті көлемін егуді қамтамасыз етуді тапсырды.