06 сәу, 2022 сағат 17:44

Аграршыларға арзандатылған дизель отыны жеткізіліп жатыр – АШМ


Аграршыларға арзандатылған дизель отыны бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл ақпан-маусым кезеңіне егіс жұмыстарын жүргізуге 400 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Жеткізу, сақтау және сату бойынша облыс операторларының шығыстарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін орташа баға литріне 200 теңгені құрайды. Ал нарықтағы баға литріне 230 теңгеге дейін жетеді. Бұл - орташа алғанда нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес аграршыларға дизель отын жөнелту жүзеге асып жатыр», - деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, тұқым себу жоспары 100 пайыз жүзеге асырылды. 

Сараптамаға 1,5 млн тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түсті. Оның 1,3 млн тоннасы немесе 90 пайызы тексерілді.

«Соңғы бес жылда тұқым өндірушілерді егіс техникасымен қамтамасыз ету 70-тен 89,4 пайызға дейін, егін жинау техникасымен 80-нен 92 пайызға дейін, тұқым тазалау техникасымен 63-тен 81,4 пайызға дейін өскенін атап өткен жөн», - деді Ербол Қарашөкеев.