ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова сыбайлас жемқорлық фактілері жиі болған әкімдіктерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің арасында жемқорлық үшін сотталғандардың ең көп саны Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында кездеседі – 37, содан кейін Жамбылда – 30, Ақмолада – 19, Алматы мен Қостанайда – 15, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында – 14», - деді Анар Жарова агенттіктің баспасөз орталығында өткен брифингте.
Сонымен бірге, спикер жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа көбірек ұшырайтын салалары туралы түсінік берді.
«Мониторинг көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдарда жемқорлық қылмыстар көбінесе білім беру саласында (54), жер қатынастары (29), ауыл шаруашылығы (27), сәулет және құрылыс (25), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (19) салаларында жасалады», - деп атап өтті ол.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне аталған мониторинг нәтижелерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық қаупі бар жергілікті атқарушы органдардың қызметіне ішкі талдау жүргізуді ұсынған.