Елорда әкімі Алтай Көлгінов Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевпен бірге саябақтар, бульварлар мен ботаникалық бақта болып, олардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мәселен, өткен жылы ғана ашылған «Жетісу» саябағында ағаштар қурап қалған, қураған шөптер жиналмаған, газондар абаттандырылмаған. Сондай-ақ ағаштардың солған бұтақтары кесілмеген. Суару жүйесі аумақта жұмыс істемейді. Кейбір ағаштар судың жетіспеуіне байланысты өте нашар күйде.
Ал «Нұрлы жол» желекжолында кейбір гүлзарларда гүлдер мүлдем жоқ, ағаштар кеуіп жатыр», - деп жазды қала басшысы Instagram-да.
Көлгіновтың айтуынша, «Ғашықтар» саябағы да дәл осындай жағдайда. Онымен қоса, сынған плиталар фонтан келбетін бұзып тұр.
Ботаникалық бақта гүлдер отырғызылып, көгалдар төселген. Суару жүйесі де қалпына келтіріліп, субұрқақтардың жұмысы іске қосылған. Мұнда да ағаштар мен бұталардың жай-күйін қалпына келтіру қажет етеді. Әкімшілік ғимараттарының алаңында суарудың дұрыс еместігінен және арзан шымтезек таңдау салдарынан гүлдер солған. Өсімдіктермен бірге арамшөптер өсіп тұр.
Қала әкімі атап өткендей, «Астана-Зеленстрой» АҚ жұмысын қалпына келтіру, өсімдіктерді емдеу және тұрақты негізде ағаштарды, гүлдер мен бұталарды суарумен айналысу қажет.