30 нау, 2022 сағат 11:50

Ағаштар құлаған, шатырды ұшырып әкеткен: Алматы бойынша 43 хабарлама түсті


Алматыда қатты дауыл ағаштарды құлатып, бірқатар ғимаратың шатырын ұшырып әкеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дауыл салдарын жою жұмыстарын аудандық әкімдіктердің мердігер ұйымдары мен Алматы қаласының құтқару қызметі жүргізуде. 

«112» желісіне құлаған ағаштар, ғимарат шатырларын ұшырып әкету, тұрғын үй аулаларын су басу дерегі бойынша 43 хабарлама тіркелді. Жедел жәрдем қызметінің мәліметі бойынша 2 адам жеңіл дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, дәрігерлер тексеріп үйлеріне жіберді. 

Сағат 22.00-дегі мәліметте: 

- автокөлікке құлаған ағаштар бойынша – 25 оқиға; 

- жеке тұрғын үйлердің, көпқабатты, әкімшілік ғимарат шатырларының бұзылуы – 13 жағдай тіркелген. ТЖ салдарын нысан иелері өз бетімен жоюда. Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің сыртқы қаптаулары түсіп (2 оқиға), су басу қаупі туындаған. Т роллейбус желісі де үзілген. 

«Табиғи сипаттағы зардаптарды жоюға Төтенше жағдайлар департаментінен – 27 қызметкер, 11 техника, 3 мотопомпа, әкімдіктердің мердігерлік ұйымдары және «109» құтқару қызметінен – 127 адам мен 57 бірлік техника жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомстводан.