14 ақп, 2022 сағат 16:05

АЭС салғанша күн мен жел энергетикасын неге дамытпасқа – министрдің жауабы


АЭС салғанша күн мен жел энергетикасын неге дамытпасқа? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовқа осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші мәселе бағаға байланысты. Жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі тарифі, әрине, біздің қолданыстағы дәстүрлі стансалардағыдан қымбат. Екіншіден, өкінішке қарай, жаңартылатын энергия көздері маневрге икемсіз, стансалардың тірегіне айнала алады деуге де келмейді. Яғни, үзіліссіз қуат бере алмайды. Өйткені табиғаттың жаратылысы солай – не үнемі жел соғып тұруы керек, не үнемі күн шығып тұруы шарт», - деді министр.

Оның айтуынша жел мен күннен алатын қуатты да генерациялауға болады.

«Ол бірақ таза генерация емес, аккумуляция ғана. Жел немесе күн көзі мол болған кезде артығымен қуат жинақтап, қауырт сағаттарда тапшылықтың орнын жабуға болады. Бірақ бұл технология әлі жеткілікті дамып үлгерген жоқ. Оның үстіне қымбат», - деді Болат Ақшолақов.

Ведомство басшысы Қазақстанның жағдайында атом электрінің орнын газ да баса алмайды деген пайым айтты. 

«Қазақстанның бұл салада көміртегі бейтараптығы туралы саясат ұстанып отырғанын білесіздер. Көмір жағатын үлкен стансаларды жобалай алмаймыз. Мұндай талаппен тек газды жағуға болады. Қазақстанның энергетикалық теңгеріміне 17 ГВт энергия керек десек, оның бәрін газбен жабу үшін орасан мол газ керек. Қуаты 1 ГВт болатын станса жұмыс істеуі үшін шамамен 2 млрд текше метр газ қажет. 17 ГВт қуатты газдан алатын болсақ, бізде ондай мөлшердегі шикізат та жоқ. Оның үстіне біз газды өңірлерді газдандыруға жұмсап жатырмыз. Газ мұнаймен біріктіріп, басқа да өнімдер алуға таптырмайтын шикізат. Осының бәрін ескерсек, бізде атом энергетикасын дамытудың үлкен әлеуеті бар», - деді Энергетика министрі.