АЭС форматына қатысты түбегейлі шешім 2023 жылы қабылданады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«АЭС құрылысының ерекшелігі - біз алдымен құрылысшылар пулын анықтап, қазақстандық қамту бойынша міндетті талап қоюымыз керек. Содан кейін олар стансаны жобалауға кіріседі. Түпкілікті таңдау бірнеше ай ішінде орын аладыдеп күтеміз», - деді Алмасадам Сәтқалиев Ақорда БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, келесі жылы АЭС құрылысына қатысты түпкілікті шешім қабылданады.
«2023 жылы бірыңғай блоктың форматы, құрылысы, орны, қуаты және қаржыландыру шарттары бойынша түпкілікті шешім қабылданады деп айтуға болады. Алаңды жобалау, дайындау, инженерлік іздестіру жұмыстары басталады. Құрылыс жобалық жұмыстар аяқталғаннан кейін басталады», - деді Алмасадам Сәтқалиев.